Jibek Joly арнасында Қыдырәлі мен Қарақаттың «Жақсы адамдарым» бенефис-шоуы эфирге шығады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 1 қазаннан бастап «Jibek Joly» телеарнасынан «Жақсы адамдарым» атты бенефис-шоу эфирге шығады.

Бағдарламаны еліміздегі танымал эстрада жұлдыздары Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина жүргізеді.

Бенифис-шоудың алғашқы қонағы - Қазақстанның халық әртісі, аңыз адам, әйгілі актер Асанәлі Әшімов.

«Jibek Joly» арнасынан көрерменге жол тартқалы тұрған бағдарлама менің репертуарымдағы қазаққа кеңінен танылған «Жақсы адамдарым» атты әнінен негіз алып тұр деп ойлаймын. Арна басшылығы мен продюсер бағдарлама тізгінін бізге сеніп тапсырғанан кейін жүктелген жауапкершілік мол. Қыдырәлі екеуіміз көрермен көңілінен барынша шығуға тырысамыз. Бағдарламаның алғашқы кейіпкері – КСРО, ҚазКСР, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов. Аңыз, абыз адамның айтары көп», - деді Қарақат Әбілдина түсірілім алдында.

Көрермен бағдарламадан халыққа танымал адамдардың өмірін, еңбегін, шығармашылығын тани түсіп, бұрын-соңды айтылмаған қыр-сырын да біле алады.

«Хабардың құрылымына келер болсақ, бізде бас кейіпкер болады және оның айналасында ірі тұлғалар бар. Студияда сол кісілердің басын қосып, жүргізушілер әдемі әңгіме өрбітеді»,- дейді бенефис-шоу продюсері Мейрамгүл Мәдәлі.

«Жақсы адамдарым» осы сенбі, 1 қазанда кешкі 22:30-да эфирге шығады.


Соңғы жаңалықтар