Jibek Joly арнасы Президент бастаған челленджге үн қосты

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың EXPO қалашығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұсауын кескен «Жүрек жылу» челленджі Jibek Joly телеарнасының студиясында жалғасын тапты. Акцияның басты шарты – елдің түкпір-түкпірінен өз мұқтаждығын туралы жазып, жәрдем сұраған хат иесіне ерікті түрде көмек қолын созу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Jibek Joly телеарнасының «Біздің уақыт» сараптамалық бағдарламасына жоба еріктілері Лана Кузнецова мен Мерей Қалел іші хатқа толы, армандарды орындайтын «сиқырлы сандықты» әкелді.

Идея авторлары күнтізбеде наурыз айы басталған сәттен бері бүкіл Қазақстаннан хат жинаған. Мерей Қалелдің айтуынша, бүгінге дейін 300-ге жуық хат келіп түскен. Соның бірін бағдарлама жүргізуші суырып, хат иесінің шағын арманын көрерменге паш етті.

Мадияр есімді жеткіншек хатта боксшы болғысы келетінін жазыпты.

«Есімім – Мадияр, бокспен айналысқанды жақсы көремін. Сүйікті спортыммен үйде шұғылдану үшін бір бокс грушасы болса, жақсы болар еді. Болашақта чемпион болғым келеді», - деп жазыпты хат иесі.

Осылайша Jibek Joly телеарнасы Президент бастаған челледжді жалғастырып, Мадияр есімді балаға бокс грушасын жеткізіп беруге міндеттеме алды.

Жоба еріктілері тікелей эфирден барша көрерменді сиқырлы сандыққа келіп түскен хаттардың бәрінің орындалуын қадағалайтындарып айтып, сендірді.


Соңғы жаңалықтар