Jastar kerýeni: Қазақстан жастары ел аралап, әлеуметтік мәселелерге үн қоспақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадан «Jastar kerýeni» ауқымды жобасы басталды. Жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінің жастары төрт күн бойы бойы республиканың киелі орындарын аралайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі әрі ең ірі туристік жоба десе де болады. Жобаның мақсаты – жастар арасында ішкі туризмді насихаттай отырып, облыстар арасындағы интеграцияны нығайту. Қазіргі таңда Қазақстанның жастары ашық әрі жігерлі, жаңашылдыққа құмар. Міне, осы ретте Қазақстан жастары өз ауылдастарымен ғана емес, түкпір-түкпірдегі құрдастарымен тіл табысып, достасса дейміз. Жобаны сол үшін жолға қойдық. Жастар төрт күн бойы Қазақстанның киелі орындарын аралау үшін жеті облыстан шығады. Әр топта 99 адамнан болады», - деді елордада жобаның таныстырылуы кезінде Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.

Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жолға қойған. Яғни, алдағы аптада жеті жүзге жуық жас өрен Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақтан және Алматы облысын аралайды. Сондай-ақ, жастар Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларына да барып қайтады.

«Бізбен бірге әйгілі вайнерлер, тележүргізушілер, қазақстандық эстрада жұлдыздары барып, жастармен бірге жүреді. Олар жастармен бір автобуста немесе пойызда ел аралайды. Менің ойымша, жастар өздерінің табысты замандастарымен көбірек тіл табысуға мүмкіндік алады», - деді Тоқтар Болысов.

Жастар конгресінің атқарушы директоры өз сөзінде атап өткендей, «Jastar kerýeni» жобасының арқасында бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешімін табады.

«Жастар ел аралап қайтып келгеннен кейін олардан әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстарын жинасақ дейміз. Әлбетте, бір жерде инфрақұрылым бар, екінші жерде жоқ болуы мүмкін. Бірақ, біздің жастар осының бәрі өз көзімен көріп, бізге өз ойларын айтып берсе дейміз. Жастардың дауысын тыңдай отырып, керек жерде кәсіпкерлерді немесе мемлекеттік органдарды өзекті мәселелерді шешуге тарта алар едік», - деді ол.

Жобаға қатысуға 1500 бала өтініш берген. Арнайы комиссия олардың ішінен 680-ін таңдап алыпты. Ал кешке қарай елордада жастар слеті өтіп, оған 1700-ге тарта жас өрен қатысқалы отыр.

Соңғы жаңалықтар