Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты тоқтату туралы келісім күшіне енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Израиль мен палестиналық топ ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі жергілікті уақыт бойынша жұма күні түнгі сағат 2-де күшіне енді. Қақтығыс болған 11 күнінде 200-ден астам адам қаза тапты. Олардың көпшілігі Газа секторында, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

«Мен 11 күндік әскери қимылдардан кейін болған Газа мен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы шешімді құптаймын және барлық тарапты атысты тоқтату режимін сақтауға шақырамын», - деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш журналистерге.

АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен келіссөздер жүргізгенін және оған бітімгершілік туралы шешім қабылдағаны үшін алғыс айтқанын мәлімдеді.

Байден сонымен қатар АҚШ Газа секторына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету үшін БҰҰ-мен бірге жұмыс жасайтынын жеткізді.

Айта кетсек, Палестина топтары мен израильдік әскердің бір-біріне оқ жаудыру 10 мамырда басталды. Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаза болғандар саны 250 адамнан асқан, оның 60-ы – балалар. Израильдік тараптан кем дегенде 12 адам қаза тапты.

Сондай-ақ, бұған дейін біз Израиль мен Палестинаның ХАМАС әскери тобының арасындағы соғысты тоқтату осы жұма күні өз күшіне енуі мүмкін екені туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар