Израильдіктер Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына хирургиялық корпус салып береді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Израиль инвесторлары Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына хирургиялық корпус салып береді. Бұл туралы Ақтөбеде Қазақстан-Израиль бизнес форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге медицина кластерін дамыту жұмысы тапсырылған соң өңірде жаңа медициналық емдеу орындары салына бастады. Өткен жылы түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қалалық жедел жәрдем бекетінің құрылысы басталып, реанимобиль көліктері жеткізілді. Ал бүгін израильдік кәсіпкерлердің Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына хирургиялық корпус салып беретіні белгілі болды.

«Ақтөбе қалалық жедел жәрдем бекетінің құны 5,5 миллард теңге тұрады. Құрылыс басталып, қазір түрік инвесторлары жеткізген реанимобиль науқастарға қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында офтальмология, стоматология емханалары ашылады. Ал Израиль жедел жәрдем ауруханасына хирургиялық, балалар ауруханасына онкогематологиялық корпус салып береді», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, Ақтөбеде 2014 жылдан бастап бүйрек, бауыр ауыстыру отасы жасалып жатыр. Қазіргі күні 6  бауыр, 18 бүйрек ауыстыру отасы жасалған. Екі донордың көмегімен бүйрек ауыстырылды.

«Түнде ғана мәйіттік донордың көмегімен бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Қазір бүйрек ауыстыру отасын жергілікті дәрігерлер жасап жатыр»,- деді Әсет Қалиев.

Еске салсақ, Ақтөбеде Қазақстан-Израиль бизнес форумы өтіп жатыр. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаэль Бродский қатысып отыр.

Соңғы жаңалықтар