Израильдік ғалым: Анам қазақ халқының қамқорлығымен аман қалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Израильдік ғалым Йорам Харпаздың нағашы атасы мыңдаған еврейлермен бірге концлагерде қаза тапқан. Нағашы әжесі екі қызының жанын ауыртпайын деп, олардың көзіне көрінбейтін жерге барып көз жұмған. Оның нағашы ағасы Сібірдегі ГУЛАГ-та үсіп өліп, 3 ай бойы жерленбей жатқан. Ал анасына қазақ халқы қамқор болып, басына пана болған. Бір үзім нанды бөліп жеп, кезі келгенде тарихи отанына қайтарған. Қазақстанға іссапармен келген ғалым қазақ халқымен байланысты анасының басынан өткен ерекше оқиғаны әңгімелеп берді.

Нағашы атам концлагерде қаза тапты

1939 жылдың 1 қыркүйегі Варшавада тұратын еврей отбасылары үшін жайма-шуақ өмір бір-ақ сәтте тозаққа айналып сала берген. Неміс әскері Польшаға басып кірді. Варшава қирап, еврейлердің ол жақта өмір сүруі мүмкін болмай қалған. Ол кезде нағашы атам мен әжемнің 16 жастағы ұлы, 9 және 6 жастағы екі қызы болған. Арада үш ай өткен соң олар жан сауғалап, Ресейге қарай қашуға мәжбүр болады. Қашу барысында атам ұсталып, мыңдаған евреймен бірге концлагерьде қаза тапқан.

ГУЛАГ. НАҒАШЫ АҒАМ. АЖАЛ

Әжем үш баласымен бірге ары қарай жол жүреді. Жолда жаяу да, атпен де, пойызбен де жүріп, Ресейге жетеді. Оларды Ресейдегі ГУЛАГ-қа (Лагерьлер мен қамау орындарының бас басқармасы) жібереді. Осылайша нағашы әжем отбасымен бірге орманда ағаш кесуші болып жұмыс істейді. Аязды кезде де, қар жауған кезде де, күні түні ағаш кеседі. Азап шегіп, торыққан нағашы ағам аязды күндердің бірінде көз жұмады. Қар қалың болғандықтан, жерді қазу мүмкін болмайды. Сөйтіп ағам қар еріп, жердің беті жібігенше үш ай бойы жерленбеген күйде жатқан. Бұл – сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қасірет.

МӘЙІТТЕРДІ ҚАРАП ШЫҚ, БІРЕУІ – АНАҢ ШЫҒАР...

Үш ай бойы қар ерігенін күтіп, ұлын жер қойнына тапсырған әжем екі қызымен бірге Қазақстанға жер аударылады. Анамның айтуынша, олар қазақтардан бұрын-соңды көрмеген жақсылықты, мейірімді көреді. «Қазақтар ешкімді ұлтқа, нәсілге, дінге бөлмейді екен. Бізге жанашырлықпен қарады. Еврей болғанымыз үшін жек көру, бөлектеу деген оларда мүлдем болған жоқ. Ол қиын заман еді, соған қарамастан бізді тамақтандырып, пана болды. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймын» деп отыратын анам. Олар 1-2 жылда жергілікті халықпен тіл табысып, араласа бастайды. Күндердің бір күнінде Алматыға көшіп, нағашы әжем медбике болып жұмысқа орналасады. Бірде ол екі қызына біраз сырқаттанып жүргенін айтады. Өмірден өткен сәтін қыздары көріп, жүректері ауырып қалмасын деген оймен ол үйден шығып кетіп, қайтып оралмапты. Оның сол кезде 12 жасқа жеткен қызы сіңлісін шайханалардың біріне қалдырып, өзі Алматыдағы ауруханалар мен мәйітханаларды аралап, анасын іздеген екен. Мәйітханалардың бірінде оған «Мына мәйіттерді қарап шық, мүмкін арасында сенің анаң бар шығар» дейді. Қызы мәйіттердің бетіндегі жамылғыларды ашып, шетінен қарап шығады. Соның бірі шынымен анасы болып шығады. Сол жерде оған анасының қайтыс болғаны туралы анықтама беріп, қоя береді. Сол 12 жасар қыз – менің анам...

ЖЕТІМДЕР ҮЙІ. ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛУ

Тұл жетім болып қалған анам мәйітханадан шыққанда күн қараңғы болып кетіпті. Жаны ауырып, не істерін білмей, жол бойында жылап отырған күйі ұйықтап қалған. Бұл – 1942-1943 жылдар шамасында болған оқиға. Түнде қазақ солдаттары бар жүк көлігі тоқтап, оны оятып, «Мұндай суықта қалай ұйықтауға болады?» деп, қандай көмек керек екенін сұрайды. Ол сіңлісі шайханада қалғанын, жоғалып кеткен анасын іздеймін деп адасып қалғанын айтады. Солдаттар оның жылы жамылғымен орап, сіңлісі отырған шайханаға апарады. Сөйтіп оларды жетімдер үйіне өткізеді. Апалы-сіңлілі қыздар үш жетім үйінде болған. Үшеуінде де оларға жақсы қараған. «Тамақ, киім болмай қалған күндерді де бастан өткердік. Бірақ жетімдер үйіндегі мамандардың бізге деген мейірімі ерекше болды» деп айтып отыратын анам. Бұл жақтағы адамдардың жанашырлығы ұнағаны сондай, ол осында қаламыз деген шешімге келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң оған туған-туыстарын табу үшін Польшаға оралу туралы ұсыныс айтылады. Ол туыстарын іздеп табуды жөн санап, сіңлісімен бірге жолға шығады.

БІРІ ДЕ ТІРІ ЕМЕС... ИЗРАИЛЬГЕ САПАР

Польшаға барған апалы-сіңлілер бірде-бір туысын, досын, танысын, көршісін таба алмайды, себебі ол жақта қалған еврейлердің бәрін өлтіріп тастаған еді... Сол кезде Израильдегі еврейлер Польшадағы қандастарын іздеп келіпті. Содан анам мен сіңлісі оларға еріп, Израильге кетеді. Ол жақта анам мен сіңлісі көрген қиындықтары мен қайғыларын тезірек ұмытып, жаңа өмір бастап кетсін деген ниетпен оларды екі кибуцке орналастырады. Кибуц – Израильдегі ауылшаруашылық қоғамдастық. Ол жерде мүлік те, еңбек те – ортақ, онда тұратын адамдардың әлеуметтік жағдайы да тең болады. Анам өзі орналасқан кибуцтен болашақ жарын, яғни менің әкемді кездестіреді. Әкем Польшадағы ірі қалалардың бірі – Лодзь қаласының тұрғыны болған. Ол бес ағайындының бірі еді. Соғыс басталған кезде ағайындылар ішінде сол ғана Польшадан Укранинаға қашып кете алған. Ол Украинадағы зауытта жұмыс істеп, соғыс аяқталғаннан кейін Лодзь қаласына қайтып барған. Одан кейін Израильден келген еврейлер оны алып кетіп, анам орналасқан кибуцке орналасқан.

ЕСІҢ ДҰРЫС ПА?! СЕНЕН БАЛА ТАППАЙМЫН!

Йорам Харпаздың ата-анасы және үш ұлы

Әкем анама бір көргеннен ғашық болған. Танысқаннан кейін бір-ақ сағат өткенде ол анамды жақсы көретінін айтып, отбасы құруға ұсыныс жасайды, Адал жар болып, ортақ балалардың ата-анасы болғысы келетінін айтады. Сонда анам «Есің дұрыс па? Саған неге тұрмысқа шығуым керек?! Бала табу туралы тіпті ойламаймын» деген көрінеді. Әкем оны қалай көндіргенін білмеймін, әйтеуір олар отбасын құрып, өмірге үш ұл бала алып келген. Қазіргі уақытта үш ұлдың біріншісі – философия ғылымдарының докторы, екіншісі – психология ғылымдарының докторы және үшіншісі – мен білім саласындағы ғылым докторымын.

Анамның сіңлісі де өзі тұрып жатқан кибуцте өмірлік жарын кездестіріп, тұрмысқа шықты. Олар Нью-Йоркке көшіп, өмір бойы сол жақта тұрды. Жарты жыл бұрын ол 85 жасқа қараған шағында көз жұмды. Мен Нью-Йоркке жиі барып, оның қалын сұрап, сол жақтағы туыстарыммен кездесіп тұратынмын. Ал анам бізбен бірге тұрды. Ол 89 жасында дүниеден озды.

ӘЙЕЛІМ – ПСИХОАНАЛИТИК. ҮЙІМІЗГЕ ШИЗОФРЕНИКТЕР ЖИІ КЕЛЕДІ

Йорам Харпаз ата-анасы және әйелімен бірге

Менің әйелім психоаналитик. Ол үйде шизофрения дертіне шалдыққан адамдармен жұмыс істейді. Ол психоаналитика арқылы шизофренияны толық емдей алмайтынын біледі, бірақ айтарлықтай көмектесуге болатынын түсінеді. Әйелім ел қатарлы адамдармен жұмыс істегеннен гөрі шизофрениктермен жұмыс істегенді жақсы көреді, себебі олар дертті болса да парасатты, зерек, ақылды, ерекше қабілетке ие жандар. Әйеліме олармен жұмыс істеген қызық, сол себепті шизофрения дертіне шалдыққан жандар күнделікті үйімізге келіп, кіріп-шығып, әңгімелесіп жүре береді. Біздің қызымыз бар. Ол – 31 жаста.

АНАМНЫҢ РУХЫ ҚУАНСЫН...

Йорам Харпаздың анасы және қызы

Мен қазақ халқына ерекше алғыс айтқым келеді. Олардың бойында мейірім, қайырым, жанашырлық, қиын кезде қол ұшын созу, ұлтқа, нәсілге, дінге бөлмеу сияқты адамзаттың асыл қасиеттері көп. Сол қасиеттеріңізден айырылып қалмауларыңызды тілеймін, сұраймын, себебі қазақ халқы сонымен ерекше. Өзгермеңіздерші, анамның рухы қуанып қалсын...

Р.S. Білім саласында ғылым докторы, Израильдегі Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз елордада өткен «Мектеп әлемін өзгертетін – ұстаздар» халықаралық конференциясына қатысып, әлемдегі барлық педагогтарды толғандыратын мәселелер туралы ой қозғап, лекция оқыған болатын.

Фотосуреттер: Йорам Харпаздың отбасылық мұрағатынан және ашық дереккөзден алынды

Соңғы жаңалықтар