Израильде 5 мың жылдық тарихы бар көне қала табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Израильде 5 мың жылдық тарихы бар қала үйінділері табылды. Археологиялық олжа өңірдегі ең ірі әрі көне болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Көне қалада 6 мың адамнан кем халық тұрмаған. Онда көшелер, орамдар, жерлеу ордалары мен қорғаныс қақпалары болған.

Археологтар табылған қаланың астынан 7 мың жылдық тарихы бар тағы бір елдімекенді тауып алған.

«Бұл - қола дәуірінің Нью-Йоркі, космополиттік және жақсы жоспарланған қала. Сол дәуір туралы және Израильдегі урбандалу кезеңі туралы білімімізді түбегейлі өзгертетініне күмән жоқ», - делінген археологтардың мәлімдемесінде.

Эн Эсур атауына ие қала 650 дунам немесе 160 акр жерді алып жатыр. Бұл сол кезеңнің бұған дейін табылған қоныстарынан екі есе үлкен аумақ. Израилдің ескілік ескерткіштері басқармасының мәліметінше, қала тұрғын және коммерциялық орамдарға бөлінеді.

Қала орнынан шамамен 4 млн қалдықтар табылған, соның ішінде адамдар мен жануарлардың мүсіншелері, керамикалық бұйымдар мен әртүрлі құралдар. Кейбірі Мысырдан әкелунген.

Археологиялық қазба орындарынан табылған жануарлардың өртеніп кеткен сүйектері қалада құрбандық шалынғанына дәлел.

Адамдарды бұл мекеннің екі тұщы су көзі, шұрайлы жері және сауда жолдарына жақындығы қызықтырған болуы керек.

Археологтардың бұл өңірдегі қазба жұмыстары екі жарым жылдан астам жалғасып жатыр. Жұмысқа 5 мың жасөспірім мен еріктілер жұмылдырылған. Қоныс жаңа шоссенің құрылысы кезінде табылған.

Соңғы жаңалықтар