Израиль әуе күштері Дамаскіге соққы жасады

None
АММАН. ҚазАқпарат – Израиль әуе күштерінің Дамаскіге жасаған соққысы салдарынан бес адам қаза тауып, 15 адам жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сириялық SANA агенттігіне сілтеме жасап.

«Жексенбі күні сағат 00:22-де Израиль әскері Сирияның оккупацияланған Голан аймағы жағынан зымыран толқындарымен әуе шабуылын жасап, Дамаск қаласы мен оның маңындағы кейбір нүктелерге, соның ішінде тұрғын үй массивтеріне соққы берді. Әуе қорғанысы зымырандарға тосқауыл беріп, көпшілігін атып түсірді», - деп хабарлайды басылым сириялық әскери дереккөзге сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл нәтижесінде бес адам, оның ішінде әсери қызметкер қаза тауып, 15 бейбіт тұрғын жараланған, олардың кейбірінің жағдайы ауыр.

«Дамаск пен оның айналасындағы бірнеше тұрғын үй мен бірқатар ауданға зақым келтірді», - делінген Сирия армиясының мәлімдемесінде.

Reuters-тің ақпаратынша, Израильдің соққылары Дамаскінің орталығындағы Кафр-Суз аймағында ирандық нысандарға жақын орналасқан, жақсы күзетілетін қауіпсіздік кешенінің жанындағы ғимаратқа тиген. Сондай-ақ, Дамаск қаласының орталығындағы Омейядтар алаңына жақын жерде, адамдар көп шоғырланған ауданда бірнеше ғимарат зақымданды.

Al-Jazeera-ның хабарлауынша, «Жексенбідегі соққы – Сирия астанасына жасалған Израильдің ең қауіпті шабуылы», - деді «Адам құқықтары жөніндегі Сирия обсерваториясының» басшысы Рами Абдель Рахман.

Бұдан бір айдан астам уақыт бұрын Израиль Дамаск халықаралық әуежайына соққы берген еді, ол жолы төрт адам, оның ішінде екі сарбаз қаза тапқан.


Соңғы жаңалықтар