Изометрия Қазақстанның брендіне айналуы тиіс - Сергей Цырульников

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Изометрия Қазақстанның брендіне айналып, Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ секілді нағыз палуандар ұрпағын даярлауға көмектесуі керек. Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданының тумасы, күш қолданатын нөмірлер арасындағы 4 дүркін әлем рекордшысы, Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы және Қазақстанның 5 дүркін рекордшысы Сергей Цырульниковтің ойы осындай. Танымал қазақстандық батырлар дәстүрлерінің жолын қуушы, 33 жастағы Сергей ҚазАқпарат тілшісіне рекордтарға салған жолы мен болашақ жоспарлары туралы баяндап берді.

- Cергей, рекордтарыңыз көп, бірақ күш қолданатын нөмірлермен бірден айналыса бастаған жоқсыз ғой? Әуелі екі жоғары білім алдыңыз, одан кейін әскер қатарында болған екенсіз...

- Иә, дәл солай. Мен Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданының Новокубанка ауылында дүниеге келдім, сол жерде өстім. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне «Дене шынықтыру және спорт пәнінің оқытушысы» мамандығына оқуға түстім. Онда төрт жыл білім алған соң, әскерге шақырылдым. Одан кейін күтпеген жерден республикалық гвардия қатарына келдім. Бір жыл сарбаз болған соң, еңбегім бағаланып, келісімшарт бойынша сонда қызметте қалып қойдым. Екінші жоғары білімді Қарағандыда алдым. Онда мен «Қаржы және несие» мамандығын меңгердім.

- Қызметті тастауыңызға не себеп болды?

-Маған шетелге шығуға тыйым салынған еді. Америка, Франция, Канада, Қытай, Түркия елдерінен құрметті қонақ ретінде (ол кезде әлем рекордшысы болғанмын) үнемі шақыру келіп тұратын, бірақ қызметіме байланысты ешқайда шыға алмайтынмын. Сонда мен шешім жасауға тура келетінін түсіндім: не күш қолданатын спорт түрлерін дамытып, Қазақстан батырларын танытумен айналысамын, немесе өз қызметімді ары қарай жалғастырамын. Мен таңдауымды жасадым.



- Рекордтарға қалай қол жеткіздіңіз?

- Менің жобаларымның бірі - күш қолдану рамалары мен изометриялық гимнастика адамның ішкі әлеуетін ашуға көмектесіп, қысқа уақытта өте үлкен күшке ие болуға көмектеседі. Адамның мүмкіндіктері шексіз. Алғашқы рекордтарды аса қатты мән бермей, күліп жүріп орнатқам. Мен үшін Қазақстанның күш қолдану мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттау үлкен маңызға ие болды... Бұрын Қажымұқанның заманында әр ауылдың өз мықтылары болды. Бұл қазақтардың рухани мұрасы еді. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, олай емес. Біз қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, тағамдарын, бәйгені сақтап қалдық. Ал күш қолдану дәстүрі жойылуға жақын қалды. Бүгінде Қазақстанда мен сияқтылар өте аз. Бұл - еңсені түсіретін жағдай.

- Cергей, рекорд жасау оңай дейсіз. Қазір енді барлық оқырмандар Сіздей болғысы келетін шығар. Изометрияда ең бастысы не?

- Изометриялық гимнастиканы меңгерудің бастапқы курсы бар. Александр Засс, Брюс Ли, Деннис Роджерс сияқты мықтылар изометрияны тәжірибеден өткізген. Қазақтың әйгілі палуандары да бұл жүйені қолданған тәрізді. Оның мәні - бар күшіңді бір нүктеге бағыттай алатынында. Адамның күш көрсеткіштерін барынша шығару екі жағдайда болады. Біріншісі, адам қатты шошынғанда (адреналин бөлінеді). Мысалы, жер сілкінісі кезінде баланы бетон тақта басып қалған. Ал анасы оны құтқару үшін салмағы 300 келі болатын тақтаны оп-оңай алып тастады. Кейін бұл тақтаны төрт ер адам әрең дегенде жылжытқан. Бұл - адреналиннің бөлінуі. Изометрия жүйесі де осыған негізделген, тек мұнда адреналин бөлінбейді. Яғни, сен сол күш-қуатқа ие болып, өзіңнің супермүмкіндіктеріңе есік ашып, қысқа уақытқа суперменге айналасың. Бұл мүмкіндіктер әрбір адамның бойында бар. Тіпті оның спортпен айналысу-айналыспауына қарамастан.



- Әрбір адамның?

-Иә, әрбір. Мен үнемі эксперимент жүргізіп жүремін. Менде бұл жүйемен салмағы 60 келі, бойы 180 cантимерден сәл ұзындау арық жігіт жаттығып жүр. Біз залға келіп, ең мықты, салмағы 120 келі болатын жігітті таңдаймыз. Мен оларға темір шыбықтарды беремін. Мықты жігіт оны майыстыра алмайды. Ал арық жігіт оны майыстырып қана қоймай, түйіндеп байлап та жіберді. Елестете аласыз ба?

- Сергей, Сіздің шәкірттеріңіз көп шығар?

- Әлем бойынша ізімнен еруші жастар көп. Мен оларды онлайн оқыттым. Лондон, Ресей, Украинада жігіттерім бар, Қазақстанда 70 адам менің әдістемем бойынша жаттығып жүр.

- Сіздің бағдарламаңызды сатып алғысы келетіндер АҚШ-та да бар дейді?

- Иә, маған көп хабарласқан. Құрама Штаттардағы нұсқаушыларды оқыту жөнінде ұсыныстар болды. Қазір бағдарлама толық дайын емес. Бірақ мен изометрия Қазақстанның брендіне айналуы тиіс деген пікірдемін. Оны басқа елге бергім келмейді. Мысалы, немістер патенттеген қымызымыз сияқты... Батыс стереотиптерін бізге байламау керек. Біздің өз мәдениетіміз, менталитетіміз бар. Бізге өзіміздің мықты жауынгерлер ұрпағы керек.

- Cергей, рекордтарыңыз қаншама - пойызды да жылжытқансыз, ұшақты да ұстап қалғансыз, тіпті төрт жылқыны бағындырдыңыз! Қорықпайсыз ба?

- Қандай да бір рекордты орнатуға барғанда, соңғы рет шыққандай барамын. Мен бұл рекордтан оралам ба, жоқ па, білмеймін. Пойызды тартқанда 20 метр, яғни үлкен қашықтықты алдым. Итеруге бір метр ғана қалғанда, есімнен танып, құлап, қайда жүргенімді білмей қалдым. Көп күш жұмсаған соң, үш күн есімді жинай алмадым. Жылқылармен де солай болған. Басқа адамдарда қалай болғаны туралы көп оқыдым. Кейбіреулерінің қолы жұлынған, бірақ олар мен сияқты төрт емес, екі жылқыны ұстаған! Сондықтан, әр шыққан сайын қалай болатынын білмейсің. Ал басқа жағынан алсақ, Ахиллестің «Егер қорқатын болсаң, елеусіз өлесің» деген сөзі де бар. 



- Рекордқа дайындалуға қанша уақыт кетеді?

- Әрбір рекордқа кететін өзіндік дайындық уақыты бар. Кейбіреулеріне бір жыл уақыт жұмсалады. Басқалары ерекше дайындықты қажет етпейді. Жақында мені ресейлік «Я могу» бағдарламасына шақырып, онда апельсинді егзілеуді ұсынған. Бірақ бұл қалай? Сонда апельсин езу үшін Қазақстаннан  сонау Ресейге барам ба? Мен оларға «Ресейдің бірден бес рекордын жаңартайын ба?» дедім.

- Балаларыңыз әкесіне ұқсағысы келе ме?

- Менің екі балам бар: ұлым 7 жаста, қызым 4 жаста. Изометриямен 15 жастан бастап, адам ағзасы қалыптасқан кезде айналысуға болады. Бірақ бүгінде баламның болашақта жолымды қуатыны көрініп тұр. Ол қазір шегелерді майыстыруға әрекеттеніп жүр. Есіңізде ме, таяуда 6 жастағы Бекмансұр деген бала көлікті итерген болатын. Оның әкесі - менің шәкіртім. Менің КамАЗ-дарды тартқанымды көргенде, бұл бала «Сергей аға, сіз және Қажымұқан тәрізді болғым келеді!» деген. Оны бұлай жасауға ешкім мәжбүрлеген жоқ. Мен жастарды дұрыс жолға салып, бағыт-бағдар көрсету керек деп санаймын. Рекордтардың барлығы халық оларды қайталап, спортпен айналысқысы, батырларға ұқсағысы келетіндей болуы тиіс.

- Әңгіме соңында болашаққа жоспарыңызбен бөліссеңіз. Кезекті рекордқа дайындалып жүрген боларсыз?

- Мен салмағы 180 тонналық пойызды 20 метрге сүйредім. Біз бұл рекордты қайталаймыз деп шештік, бірақ пойызға жүк тиелген тағы 5 вагон қосамыз. Оның салмағы енді 400 тоннаға жуықтайды. Бірақ мен оны 20 метрге сүйретпеймін, ендігі міндетім - бұл алыпты 3-4 метрге жылжыту. Сондай-ақ мен салмағы 100 келілік адамды бір қолыммен 20 рет көтергім келеді (Сергейдің өзінің салмағы 117-130 келі, бойы 190 см.- авт.). Таяу күндері Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинмен кездестім. Ол мені қолдайтынын айтты, соған өте қуандым. Біз екі жобаны талқылап өттік, бірақ оның егжей-тегжейі әзірге құпия болсын.

Ең бастысы - біз Президент Жолдауы, «Рухани жаңғыру» бойынша жұмыс істеп, облыстың бөлек аудандарында бұқаралық спортты дамытамыз. Әрине, мені Қазақстанның түрлі қалаларына шақырып жүр, бірақ жерлес ақмолалықтардың алдында шығуым қуантады. Мен еліме қажет күш қолдану дәстүрін сақтаумен айналысып жүрмін. Бастаған ісімді жалғастырып, оны Қазақстанның мәдениеті мен тарихына немқурайлы қарамайтындар үшін жасаймын.

- Cергей, әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар