Изолятор мен тергеу бөлмелеріне видеокамералар орнатылады - ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу бөлмелеріне видеокамералар орнатылады. ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ведомствоның онлайн брифингісінде осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде жергілікті полиция қызметін сервистік модель қағидаттарына ауыстыра отырып, реформалау бойынша тәсілдер әзірленді. Мемлекет басшысы пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік ғимараттарында, құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейнебақылауды енгізуді тапсырды.

Бұл полицияға халық алдында ашық жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», - деді Нұрділдә Ораз.

Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында аталған бейне жүйелерді монтаждау және орнату жұмыстары толық аяқталған.

«Полиция департаментінің 26 әкімшілік ғимаратында халықпен жұмыс жүргізілетін үй-жайларда 254 видеокамералар орнатылған.

Полиция департаментінің өзінде 22 бейнекамера, көші-қон қызметінде 2 камера орнатылды. Орал қаласының полиция басқармасында қызметкерлердің жұмысын 39 камера, Абай қалалық полиция бөлімінде 17 камера, Зачаганск бөлімінде – 6 камера бақылайды.

Бейнемониторинг жүйесімен уақытша ұстау изоляторлары, облыс орталығының 24 учаскелік полиция пункттері қамтылған. 19 аудандық полиция бөлімшесінде 119 камера орнатылды.

Полицияның қызметтік кеңістіктерін, сондай-ақ барлық жедел-тергеу бөлімшелерін бейнекамералармен жарақтандыру ағымдағы жылы бүкіл ел бойынша қалалық, аудандық және кенттік полиция бөлімдерін ескере отырып аяқталады», - деді министрліктің ресми өкілі.


Соңғы жаңалықтар