Іздеуде жүрген атбасарлық қылмыскер 7 жылдан кейін Ресейде қолға түсті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Осыдан 7 жыл бұрын адам өлтіргені үшін күдікке алынған, кейін бой тасалап жүрген Атбасардың 60 жастағы тұрғыны Ресей Федерациясының аумағынан ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ресей Федерациясы аумағында жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздестіру бойынша қолға алынған бірлескен шаралардың нәтжесінде Ақмола облысының полицейлері Ресейдің Краснодар аймағы бойынша УУР УМВД қызметкерлерімен бірлесіп, адам өлтірген 60 жастағы күдіктіні Апшеронск қаласының аумағынан анықтап, ұстады», - дейді ведомстводан.

Белгілі болғандай, 2012 жылдың наурыз айында ер адам өзінің әйелін өлтіріп, құқық қорғау органдарынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері бір жарым жыл бойы күдіктіні ұстауға тырысқан. 2013 жылдың желтоқсан айында күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды.

«Анықталғандай, күдікті 7 жыл бойы жалған құжатпен Ресей Федерациясы аумағындағы туыстарының үйінде тұрып келген. Қазіргі кезде күдікті Ресейдің Краснодар аймағы бойынша УУР УМВД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды және оны экстрадициялау мәселесі қаралуда», - деп толықтырды ведомстводан.

Жыл басынан бері Ақмола облысының тәртіп сақшылары ертеректе жасалған 87 қылмыстың бетін ашты.

Соңғы жаңалықтар