Іздеуде жүрген 11 адам Қырғызстаннан Қазақстанға экстрадицияланды - Бас прокуратура

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Отқырбек Жәмшитовпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әріптестер ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту және құқықтық базаны кеңейту жұмыстарын талқылады.

Кездесу барысында трансұлттық қылмысқа, экстремизм және терроризмге қарсы тұрудағы конструктивті қарым-қатынас, сондай-ақ ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бірлескен күш-жігерге оң баға берілді.

«Үйлестірілген сенім шаралары қылмыстық істер бойынша жедел әрі әуре-сарсаңсыз құқықтық көмек көрсету туралы Кишинев конвенциясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Қайрат Қожамжаров.

Өз кезегінде Отқырбек Жәмшитов сотталғандарды тапсыру тұрғысында қол жеткізілген өзара нәтижелерді атап өтті. Соңғы 2 жылда Қырғызстаннан Қазақстанға 11 адам экстрадицияланып, қырғыз тарапына 17 адам тапсырылған. Осы уақыт аралығында Қазақстан Қырғызстанға 19 сотталған азаматты тапсырса, біздің елге 3 қазақстандық экстрадицияланған. 

Террористік ұйымдармен және оларды қаржыландырумен күрес саласындағы ынтымақтастық қырлары жеке қозғалды. Бас прокурор өзінің шетелдік әріптесін екіжақты қатынасты одан әрі кеңейтуге дайын екеніне сендірді.

Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы «Өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте күш-жігерді үйлестіру» халықаралық конференциясына шет мемлекеттердің қадағалау органдарының өкілдерінің қатысуы аясында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров бірқатар екіжақты кездесулер өткізген болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар