Іздеуде болған 9-сынып оқушысы бес күн бойы не істегенін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үйіне оралмаған 15 жастағы Арай Жұматаеваның 5 күні бойы қайда түнеп, не істегенін туыстары айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бостандық аудандық ІІБ қызметкерлері Арайлым Жұматаева мен тәтесі Айнұр Нығмановадан түнгі 12 шамасына дейін сұрақ-жауап алған. 

Оқушы қыз 5 күн бойы қолындағы азын-аулақ ақшасына тамақ сатып алып жегенін айтқан. Азығы таусылғанда краннан су ішкен.

«Арайлым бірінші күні қайтар уақыт тым кеш болғанын аңғарып, келуге қорыққан. Келесі күні тағы да ұрсады деген қауіппен қорқып, беттемеген. Бірінші күні «Есентай мол» сауда үйін аралаған. Түнге таман оны күзетшілер қуып шығады. Тіпті видеожазба да сақталған. Қуып шыққан күні ол сырттағы орындықта бір түнін өткізген. Келесі күні Мега орталығына барып, кітап оқыған. Екі сауда орталығының арасында жаяу жүрген. Арасында үйге келіп, сырттан бақылап отырған. Машинасынан шыққан әкесін көрген. Бір түні көрші подъезде түнеген», - деді Айнұр Нығманова.

Тәтесінің айтуынша, қыз баладан қандай да бір психологиялық күйзелістер байқалмайды. 

«Қызымда қазір психологиялық проблема жоқ. Мүмкін бұл өскелең жас кезіндегі қалыпты жағдай шығар. Өзі істегеніне ұялып, бетін басады. Күледі, кешірім сұрайды. Ұрыспадым. Еркелетіп, құшақтадық», - деді ол.

Айта кету керек, 5 күн бойы іздеуде болған 9-сынып оқушысы Арайлым Жұматаева кеше Алматыдағы сауда үйлерінің бірінен табылды.

 

Соңғы жаңалықтар