Із-түзсіз жоғалған әйел өліміне күдіктілер ұсталды - Түркістан облысы

None
None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Мақтаарал АПБ криминалдық полиция қызметкерлері бұрын хабар-ошарсыз кеткен жас әйелдің өлімін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті ретінде төлем терминалдарынан ақша ұрлауға қатысы бар екі жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу барысында жастар пайдакүнемдік мақсатта ауыр қылмыс жасағанын мойындады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында Мақтаарал АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жұмысынан кейін үйіне оралмаған сіңлісінің хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы арызданады. Полицейлер анықтағандай, жас әйел дүкенде сатушы болып жұмыс істеген, отбасында ешқандай жанжал болмаған.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері Мақтаарал АПБ-да тіркеп, бірден хабар- ошарсыз кеткен адамды іздеуге кіріседі. Оны іздеуге Мақтаарал АПБ-нің барлық жеке құрамы, барлық полиция бөлімшелеріне хабар-ошарсыз кеткен әйелдің белгілері бар мәліметтер жіберілген. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды аралап, туыстары мен куәгерлерімен сұхбаттасып, оның таныстарын, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді.

Үш аптадан кейін жергілікті каналдардың бірінде полиция белгісіз әйелдің мәйіті мен киімін тапты. Алғашқыда алдын-ала тексеру кезінде жабайы аңдардан зардап шеккен мәйітті және өлімнің себебін анықтау мүмкін болмады. Жедел уәкілдер мен криминалистер жәбірленушінің жеке басын анықтау үшін мұқият жұмыстарды жүргізді. Полицейлер мәйіттің бұзылмаған бөлігін тауып, айғақ ретінде сараптамаға жолдады. Сараптама қорытындысына және туыстарының киім-кешегін анықтауына сәйкес, жедел уәкілдер мәйіттің хабар-ошарсыз жоғалған Мақтаарал ауданының тұрғынына тиесілі деген қорытындыға келді. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 99- бабы « « Кісі өлтіру « болып қайта сараланды.

Мақтаарал АПБ-да ауыр қылмысты ашу мақсатында полицияның неғұрлым тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері кісі өліміне қатысты күдіктілерді анықтады. Олар бұрын төлем терминалдарынан бірнеше ұрлық жасағаны үшін ұсталған екі жергілікті тұрғын болып шықты. Жастар бұл әрекетін толық мойындады.

Тергеу кезінде күдіктілердің пайдакүнемдік мақсатта ауыр қылмыс жасағаны белгілі болды . Олар жас әйелге шабуыл жасап, тұншықтырып, содан кейін оған пышақ жарақатын салған. Содан соң күдіктілер 300 мың теңгені жымқырып, қылмыс орнынан қашып кеткен. Олар ұрланған ақшаның бір бөлігін өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер ретіндежәбірленушінің заттары, ұрланған мүліктің бір бөлігі және күдіктілердің автокөлігі алынды. Сот шешімімен күдіктілер екі ай мерзімге қамалды.

Сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлері қылмыстың барлық мән-жайын анықтап жатыр.


Соңғы жаңалықтар