Із-түзсіз кеткен астана тұрғыны 4 күннен кейін Ақмола облысынан табылды

None
None
ЕРЕЙМЕНТАУ. ҚазАқпарат – Із-түзсіз кеткен Нұр-Сұлтан тұрғыны Ақмола облысының Ерейментау ауданынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақтық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 14 шілде күні Ерейментау аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын, 37 жастағы әйел хабарласқан.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда тұратын туған ағасы 11 шілдеде үйінен шығып кетіп, үш күннен бері қайта оралмаған.

«Арызданған әйелдің айтуынша, сол күні ағасы қарындасының үйіне қонаққа келген. Сосын «Үш батыр бұлағына барам» деп үйден шығып кеткен. Ол бастау Ерейментау қаласының маңында орналасқан. Ол өзімен бірге шатыр мен азық-түлік салып алған. Полиция қызметкерлері тез арада іздеу жұмысына кірісті» деп мәлім етті полиция.

Жоғалған адамды іздеуге волонтерлер мен жергілікті тұрғындар да атсалысты.

Бір куәгер аталмыш еркекті қаладан 15 шақырым жердегі бұлақ басына көлікпен жеткізіп тастағанын айтты. Алайда полицейлер ол жерге барғанда бұлақ маңында ешкім жоқ еді.

Ведомствоның мәліметінше, іздеу шараларының нәтижесінде 15 шілде күні ер адам аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықтағы Жыланды көлінің жағасынан табылған.

Тәртіп сақшылары жоғалған адамды аман-есен үйіне жеткізіп тастады.


Соңғы жаңалықтар