Із-түссіз жоғалған бала мән-жайды баяндап берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 4 күн бойы із-түссіз жоғалған бала мән-жайды баяндап берді. Ол қыстаққа өзі адаспай барғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 жастағы Әбілқайырдың сөзінше, ол қыстаққа жету үшін жаяу жүріп, суды да кешкен.

«Барғым келді. Сол жаққа бардым, ол жақта ағалар бар екен. Ерлан, Андрей деген. Біреуі орыс, біреуі қазақ. Сол жақта жүрдім. Мал бар екен»,- дейді жеткіншек.

Баланың айтуына қарағанда, ол бұл аймақта бұрын болмаған. Тауға шығып, жан-жағына көз жүгіртіп, артынша қыстақты көріп, сол жерге бет алғанға ұқсайды.

Қазір 4 күн бойы іздеуде болған Әбілқайыр Сейітжанұлына арнайы сот-медициналық сараптама тағайындалған және баланы интернатқа өткізу жайы да талқыланып жатыр. Себебі, оның анасы жанында емес. Ал әкесі жалданып жұмыс жасайтын көрінеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, баланың жоғалғандығы жөнінде хабар Алакөл аудандық ІІБ Қабанбай ауылындағы бөлімшесіне Әшім ауылының тұрғыны хабар берген. Алакөлдің полицейлерін аяғынан тік тұрғызған балақай Әшім ауылынан 3 шақырымдай жерде орналасқан қыстақтан табылды.

4 күн бойы жоғалған ұлды іздестіруге ауыл тұрғындары, мектепте істейтін жұмысшылар, әскери қызметкерлер мен 200-ге жуық еріктілер бір кісідей ат салысқан.

Соңғы жаңалықтар