+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Иығы шығып кетсе де, жеңіске жеткен қазақ балуаны: Маған бәрінен намыс қымбат болды

2018 жылғы 29 тамыз 10:56
Бөлісіңіз:
Иығы шығып кетсе де, жеңіске жеткен қазақ балуаны: Маған бәрінен намыс қымбат болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кешелі бері қазақ күресінен Азия чемпионатында иығы шығып кетсе де, тәжік балуанын алып ұрған қазақ жігіті жайлы видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ерлігімен, өрлігімен жалпақ жұртты тамсандырған ол балуан кім болды екен? ҚазАқпарат тілшісі осы сұраққа жауап іздеген еді.

Қазақ күресінен 26 тамызда өткен тұңғыш Азия чемпионаты ұлттық спортымыздың шетелге таныла түсуіне тағы бір есікті ашқаны анық. Біріншілікке өз салмағында (66 келіде) чемпион атанбаса да, жартылай финалда жанкештілік танытқан атыраулық жас балуан Нұрболат Ізімғалиевтің батырлығы жалпақ жұртты жалт қаратты. 22 жастағы балуанның бапкері Айбек Серғазиевтің айтуынша, жарақатының кеселінен Нұрболат Азия чемпионатында жарыс жолынан шығып қала жаздаған.

«Нұрболаттың иығы бір жыл бұрын шығып кетіп, Астана қаласында операция жасатқан. Осыдан кейін ол алты ай уақыт демалып, жаттығуды қайта бастаған болатын. Қазақ күресінен өткен Азия чемпионатында Нұрболаттың иығы бір-ақ шығып кетіп, салынбай қойды. Төрешілер үш минут уақыт бергеннен кейін балуанымыздың жарыс жолынан шығып қалу қаупі де туды. Медициналық көмек көрсетіп, 2 минут 33 секунд өткенде, яғни бар-жоғы 27 секунд қалған кезде төрт дәрігер мен бір жаттықтырушы Нұрболаттың иығын салып, бауырымыз боз кілемге қайта көтерілді», - дейді бапкері.

Иығы шығып кетсе де, жеңіске жеткен қазақ балуаны: Маған бәрінен намыс қымбат болды

Айбек Серғазиевтің айтуынша, Нұрболаттың жарақаты алғашында ет қызуымен аса білінбегенімен, кейін иығы ісіп кеткен екен.

«Нұрболат иығы ісіп, қолтығы ашылмай, қолын жоғары көтере алмайтын жағдайда ақтық сайысқа шықты. Былайша айтқанда, бір қолы жарамсыз болып қалды. Бірақ, бәрібір «осыған дейін келдім, енді кері шегінбеймін» деп, боз кілемге қайта шықты. Финалда балуанымызды турнирдің ең мықты балуандарының бірі - моңғол балуаны Басхуу Иондонперенлей күтіп тұрған еді. Қанша қиын болғанымен, Нұрболат моңғол балуанын екі-үш рет састырды», - дейді бапкер.

Нұрболат бала кезінен қазақ күресімен айналысады. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туған. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «дене шынықтыру» мамандығы бойынша түлегі. Қазақ күресінен өз салмағында Қазақстанның чемпионы. Бапкері екеуі бір ауылдан болғаннан кейін Айбек Нұрболатты бала кезден жаттықтырып жүр.

Жігерлілігімен әлеуметтік желіде танымалдылыққа ие бола бастаған Нұрболат Ізімғалиевтің өзі «боз кілемге мені қайта алып шыққан - халықтың қолдауы» дейді.

«Ол жерде артқа шегінетін жол болған жоқ. Халық айқай-шумен қолдап тұрғаннан кейін бұрыннан естіп жүрген, алайда тереңірек ойымды жүгіртпеген «намысты қолдан бермеу» деген сөздің мәнісін ұққандай болдым. Маған сол сәтте шығып кеткен иығым емес, намыс қымбат болды», - дейді балуанның өзі.

Жігерлі жігіттен «күрделі жарақатпен финалдан жасқанған жоқсыз ба?» деп сұрадық. Олай сұрауымыздың себебі - жарақаты асқынып кеткен жағдайда Нұрболаттың денсаулығына зор қауіп төнер еді.

«Финалға дейін келіп тұрып, ары қарай күреспей кетсем - кейін өкінетінімді жақсы білдім. Аяқты орап алып, артқа лақтыру әдісі - ең жақсы меңгерген амалым. Алайда моңғол балуанына келгенде қолым көтертпей, бұл әдісті аяғына дейін жеткізе алмадым», - дейді Нұрболат.

Әлеуметтік желіде жартылай финалдың видеосы тарап, танымал болып кететінін Нұрболаттың өзі күтпепті. Финалда тек қарсыласты қалай ұту керектігін ойлаған. Бастысы - «балуандық міндетімді атқару» еді дейді жас жігіт.

Иығы шығып кетсе де, жеңіске жеткен қазақ балуаны: Маған бәрінен намыс қымбат болды Иығы шығып кетсе де, жеңіске жеткен қазақ балуаны: Маған бәрінен намыс қымбат болды

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059

MURAǴAT