Иван Дычко қарсыластарын 7 рет нокаутқа жіберген америкалықпен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычконың (8-0, 8КО) келесі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан кәсіпқой боксы» ВКонтакте парақшасы хабарлағандай, ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы америкалық Нэйт Хэвенмен (9-2, 7КО) қолғап түйістіреді. Айқас сегіз раундқа есептеліп отыр. Жекпе-жектің 12 шілдеде өтетіні белгілі болғанымен, нақты қай жерде ұйымдастырылатыны әлі белгісіз.

Әу баста Дычко бразилиялық Рафаэль Зумбаномен (39-16-1, 31КО) кездеседі деп хабарланған болатын, алайда бұл айқас өтпейтін болды.

Еске сала кетсек, жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко соңғы айқасында америкалық Рэй Остинді үшінші раундта тізе бүктірген болатын. Айқас үш раундқа ғана созылды. Өзінен 20 жас үлкен, салмағы 29 келі ауыр Рэй Остин көпке барған жоқ. Өзінен жас әрі қайратты Иваннан үшінші раундта техникалық нокаут алды.

Иван Дычконың менеджері Зия Әлиев боксшының биылға құрған жоспары туралы айтып берген еді.

«12 шілдедегі жекпе-жектен кейін Иван тамызда тағы бір кездесу өткізеді. Біз оны қайта бабына келтіруге әрекет етіп жатырмыз. Иван биылдың соңына дейін үш жекпе-жек өткізетіні анық. Осы жылды Иван 11-0 немесе 12-0 рекордымен аяқтайды деп отырмыз. Кәсіпқой бокста, әсіресе Америкада нокауттардың маңызы зор. Ол гонорарға да, айқастың қызық болуына да, телевидениеге де әсер етеді. Иван алдағы кездесулерінің барлығын нокаутпен аяқтаса екен деп тілеп отырмыз», - дейді Әлиев.

Соңғы жаңалықтар