Италияның Искья аралындағы көшкін: Құтқарушылар жоғалғандарды іздеп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Италияның оңтүстігіндегі Неаполь қаласына тақау орналасқан Искья аралында нөсер жауын салдарынан лай көшкіні жүріп, бірнеше адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметтерінше, сенбі күні таңға жуық жағалауға жеткен лай мен қоқыс ағаштарды құлатып, үйлерді бұзып, ондаған көлікті теңізге ағызып әкеткен. Қалың лайдың астынан бір әйелдің мүрдесі табылған, тағы бірнеше адамның із-түссіз жоғалғаны туралы ақпарат бар. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан құтқарушылар ондаған үйге жете алмай отыр.

«Шамамен таңғы сағат үште гүрілді естідік. Содан кейін бірінші көшкін, ал шамамен тағы бесте екінші көшкін жүріп өтті. Өте қорқынышты болды», - дейді қала тұрғыны Лиза Моччиаро «Анса» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Италия Ішкі істер министрі Маттео Пиантедози журналистерге ахуалдың күрделі екендігін, із-түссіз жоғалған адамдар лай көшкіні құрсауында қалу мүмкіндігін айтқан.

Аралда 6 сағаттың ішінде 155 мм жауын-шашын жауған. Искья аралы орналасқан Кампания өңірінде бірнеше күн бойы жаңбыр жауып тұр. Қолайсыз ауа райы салдарынан өңірде 2 адам қаза тапқан.

Бұған дейін елдің Инфрақұрылым министрі Маттео Сальвини лай көшкіні салдарынан 8 адамның мерт болғанын мәлімдеген еді. Алайда, кейінірек Ішкі істер министрі адамдардың қаза тапқаны туралы деректің әлі нақтыланбағанын атап өтті.

Осыған дейін Италияда лай көшкіні жүріп, ондаған адам іздестіріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Сурет: BBC
Соңғы жаңалықтар