Италияның болашақ премьер-министрі Джорджа Мелони жайлы не білеміз

None
АСТАНА. Қазақпарат – Италиядағы парламент сайлауының Exit-poll нәтижесі жарияланды. Оның қорытындысы бойынша, оңшылдар коалициясы 41-45% дауыс жинап, алда келеді. Ал «Италия бауырлары» партиясы айқын басымдықпен бірінші орын алды. Олай болса, партия жетекшісі Джорджа Мелони Италияның келесі премьер-министрі болуы мүмкін. Ол Италия үкіметінің басшысы лауазымын иеленген алғашқы әйел болмақ.

Болашақ премьер-министр Джорджа Мелони кім? Оның ұстанымдары қандай? Қандай мәселелерді көтеріп жүр? Оның партиясы немен айналысады? Халық неліктен бұл партияны қолдап отыр? Пандемиядан ең көп зардап шеккен мемлекет Италияның қазіргі экономикалық жағдайы қалай? Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Бұған дейін атап өткеніміздей, оңшыл «Италия бауырлары» партиясы парламент сайлауында алда келеді.Екінші орында – солшылдар коалициясындағы Демократиялық партия, ал үшінші орынды популистік «Бес жұлдыз қозғалысы» иеленді.

Италияның Демократиялық партиясы бір күн бұрын өткен кезектен тыс сайлауда жеңілгенін мойындады. Партия төрағасының орынбасары Дебора Серраккияни енді олар оппозицияға өтетінін мәлімдеді.

Бастапқыда сайлау 2023 жылдың көктеміне жоспарланған болатын. Алайда шілдеде премьер-министр Марио Драги отставкаға кетті. Министрлер кабинетінде сөйлеген сөзінде саясаткер қазіргі кезде ұлттық бірлік коалициясы жоқ екенін атап өткен болатын. Италияның президенті Серджо Маттарелла Марио Драгидің отставкасын қабылдаған жоқ. Тек екінші рет өтініш бергеннен кейін ғана Драги кабинеті отставкаға кетті. Сөйтіп 21 шілдеде Италия президенті парламентті таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Италияның болашақ премьер-министрі Джорджа Мелони кім?

Джорджа Мелони 1977 жылы дүниеге келген. Ол саясатқа мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап араласа бастаған. Мелони 15 жасында неофашистік итальяндық әлеуметтік қозғалыс атанған «Жастар майданы» ұйымының мүшесі болды. Кейіннен ол оңшыл радикалды студенттік қауымдастық «Ұлттық альянсты» басқарды. Ал 2006 жылы Италия Парламентінің депутаттар палатасына сайланды. 2008 жылы 31 жастағы Мелони Сильвио Берлускони Үкіметіндегі Жастар және спорт министрлігін басқарды, Осылайша ол Италия тарихындағы ең жас министр болды.

Осыдан он жыл бұрын Джорджа Мелони «Италияның бауырлары» партиясын құрды, кейін 2014 жылдан бастап оның төрағасы болды. Оған қоса 2020 жылы ол Еуропарламенттегі Еуропалық консерваторлар және реформаторлар альянсы фракциясын басқарды.

Мелони сайлау науқанындағы ұраны – «Ең алдымен Италия мен итальяндықтар!». Ол өзінің саяси мәлімдемелерінде отбасыларға көбірек жеңілдік беруді, салықты төмендетуді, иммиграцияны тоқтатуды талап етіп жүр. Бұдан бөлек Джорджа Мелони Еуропалық Одақтың негізгі шарттарын, Италияның еуроаймаққа мүшелігін қайта қарауды ұсынды.

Сонымен бірге «Италия бауырлары» партиясының лидері «дәстүрлі құндылықтарды» қолдайтынын, түсік жасатуға қарсы екенін, иммиграцияны және ЛГБТ құқықтарын шектеуге шақырады.

Джорджа Мелони ЕО-ны еркін экономикалық одаққа айналдыру процесінде Италия көшбасшы бола алады деп үміттенеді. Италияның қоғамдық-құқықтық телеарнасына берген сұхбатында «Италия бауырлары» партиясының жетекшісі «Франция Парламентінде қолдаушылары аз болғандықтан президент Эммануэль Макрон позициясы әлсірегенін» айтты. Ал Германия канцлері Олаф Шольц туралы айта келе, ГФР үкіметін талай жыл басқарған «Ангела Меркельмен салыстырғанда оған сенімділік жетіспейтінін» мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, Джорджа Мелони өзінің уақыты келгеніне сенімді.

«Италия бауырлары» партиясы жайлы не білеміз?

Сайлауда оңшылдардың жеңіске жетуі «Италия бауырлары» партиясының танымалдылығын одан сайын арттыра түсті. Жоғарыда атап өткендей, 2012 жылдың желтоқсанында «Халық бостандығы» бірлестігінің бірнеше саясаткері Сильвио Берлусконидің ұйымынан бөлініп шығып, оңшыл партияны құрды. Оның атауы ретінде Италия әнұранының бірінші жолы таңдалған болатын.

2013 жылдың көктемінде жаңа «Италия бауырлары» партиясы парламенттік сайлауда 1,96% дауыс жинап, тоғыз депутатын төменгі палатаға өткізді. Келесі бірнеше жыл ішінде аталған партия көптеген оңшыл саясаткерді өз қатарына жинап, ықпалын арттыра бастады.

Ал «Италия бауырлары» 2018 жылы парламент сайлауына қатысқан кезде оның құрамында бірнеше қала мэрі, аймақ президенттері, сенаторлар және басқа партиялардан шыққан ондаған саясаткер болды. Алайда аталған партия 4,4% дауыс жинады. Бұл оларға депутаттар палатасында 32 орын және Италия Сенатында 18 орын алуға мүмкіндік берді. Ал келесі жылы партия алғаш рет Еуропарламентте алты орынға ие болды.

Келесі төрт жыл ішінде Италия мемлекетіне ауыр тиген коронавирус пандемиясы, экономикалық проблемаларды шешуде аталмыш партия салмақты рөл атқара бастады. Осы уақыт ішінде оппозицияда болған «Италия бауырларын» қолдау деңгейі 24-26%-ға дейін өсті. Сондықтан да Драги үкіметі тарағаннан кейін кезектен тыс сайлау жариялануы бұл партияға өте оңтайлы болғанын көріп отырмыз.

Ақыр соңында 2022 жылдың күзінде оңшыл партия билік басына келген коалицияны басқарып отыр.

Италияның экономикалық жағдайы

Италия Еуропа елдері ішінде короанвирустан ең көп зардап шеккен мемлекет қатарында. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, пандемия кезінде Италия экономикасы бірнеше жылға артқа кеткен. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері елде 22 миллионнан астам адам инфекция жұқтырған. Ал 177 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Дегенмен соңғы жылдардағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, Италия еуроаймақтың үшінші және әлемнің сегізінші экономикасы болып қалып отыр.

Халқының саны 60 миллионнан асатын Италияның ЖІӨ жан басына шаққанда жылына шамамен 30 мың АҚШ долларын құрайды. Өз кезегінде, бұл жоғары көрсеткіш болып саналады.


Фото: REUTERS


Соңғы жаңалықтар