Италиялық кәсіпкерлер Маңғыстаудағы туризм саласына қызығушылық танытты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Италиялық кәсіпкерлер Ақтау қаласында бизнесін дамытуға ниетті. Олар 3 жылдан бері Маңғыстау өңірін зерттеп, нәтижесінде индустриялық әлеуеті жоғары Венеция провинциясындағы Лониго қаласы мен Ақтау арасында екі жақты туризмді дамытуға инвестиция құюға әзір екенін жеткізді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Италияның бизнес өкілдерін мәдениет, спорт пен ауылшаруашылық, кен өндіру бағытындағы жобалар да қызықтырады. Осы мақсатпен Ақтауға ат басын тіреген шетелдік делегация жергілікті іскер азаматтармен кездесті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында екі қаланың бизнес өкілдері екі елге де тиімді жобаларды талқылады.

«Кез-келген инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін алдын-ала үлкен дайындық қажет. Біз мұнда келмес бұрын, 3 жыл бойы белгілі бір бағыттар бойынша әзірлік жұмыстарын жүргіздік. Соның ішінде туризм саласына көңіл бөліп отырмыз. Біз Ақтау қаласын дамытудың тетіктерін көріп тұрмыз. Осы тұрғыда әкімдікпен, туристік компаниялармен қонақүйлер желісімен келіссөздер жүргіземіз», - дейді Лониго қаласының мэрі Лука Рестелло.

null Жалпы, Маңғыстау облысының Италиямен сауда айналымы 482,2 млн АҚШ долларын құрады, яғни экспорт - 447,1 млн АҚШ доллары, импорт - 35,2 млн АҚШ доллары.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, облыста сыртқы саудаға шығатын полиэтилен құбырлары, цемент және аммоний нитратының экспорты үлкен әлеуетке ие.

«Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Соның ішінде экспорт - 3,1 млрд $, импорт -338,1 млн $.

Қазақстанда сауда әріптестігін нығайтқан алғашқы үштікте Италия тұр. Елбасы елімізге келетін импортты отандық өніммен алмастыру бойынша жұмысты күшейту және тауарды экспорттаушыларға қолдау көрсету қажеттілігін үнемі атап өтеді. Сондықтан инвесторларға қолайлы жағдай жасауға бар мүмкіндік туғызамыз», - дейді ол.

Өңірде Италияның кәсіпкерлерімен әуелден ынтымақтастық орнатқан бизнес өкілдері бар. Солардың бірі Сәуле Салихова. Ол «әсіресе, жиһаз саласында әріптестік орнатуға назар аудару керек» деп есептейді.

«2007 жылдан бері интерьер, жиһаз жасаушы 70-тен астам италиялық кәсіпкермен жұмыс істеп келемін. Миланда өтетін барлық көрмелерге қатысамын. Ондағы зауыттардың инновациялық құралдармен жабдықталғанына көзім жетті. Сондықтан да іскерлік әріптестікті одан әрі дамытуға дайынмын», - дейді ол.

Бизнесті бірлесе дамытуды ұсынған кәсіпкерлер келер жылы сәуірде Италияда өтетін экономикалық форумға шақыту алды. Маңғыстауда теориялық тұрғыда айтылып, қағаз жүзінде жасалған келісімдер сол кезде нақты жүзеге асады. Инвесторлар іскерлерге «тең дәрежеде мүмкіндік жасалады», деп сендіріп отыр.

Соңғы жаңалықтар