Италияға заңсыз мигранттардың жаңа легі ағыла бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Италияға Жерорта теңізі арқылы заңсыз мигранттардың жаңа легі ағыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ANSA агенттігіне сілтеме жасап.

Осы жұма мен сенбіде Лампедузадағы жағалауға ондаған қайық пен катер тоқтады. Олардың барлығы дерлік Тунистің Сфакс қаласынан жеткен. Бір ғана тәулікте аралға 3 мыңнан астам адам түскен.

Жергілікті билік мигранттардың басым бөлігін Сицилиядағы Порто-Эмпедокле коммунасына жеткізу үшін паром тасымалын ұйымдасыруды қолға алды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тунис жағалауында босқындар мінген кеме суға батып кеткен болатын.

Еске салсақ, Италияның Кутро қаласында мыңдаған адам шеруге шығып, кеме апатынан қайтыс болған 75 мигрантты еске алған еді. Италияның оңтүстігіндегі Кротоне ауданында кеме апатқа ұшырап, заңсыз мигранттар қаза тапқан болатын.

Миграция жөніндегі халықаралық агенттіктің есептеуінше, Еуропаға апаратын бұл бағытта жыл басынан бері 300-дей адам суға батты немесе хабар-ошарсыз кеткен.


Соңғы жаңалықтар