Италиядағы сайлауда оңшылдар коалициясы жеңіске жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италиядағы парламент сайлауында оңшылдар жеңіске жетті. Ресми мәліметтер бойынша Джордж Мелони жетекшілік ететін оңшыл-центристік «Италия бауырлары» партиясы халық дауысының төрттен бірін жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews.com агенттігіне сілтеме жасап.

Оңшыл центристік коалиция өкілдері арасында ең көп дауыс жинаған Мелони Премьер-Министр лауазымына басты үміткер болып отыр. Сайлауда жеңіске жеткеннен кейінгі сөзінде ол өзінің үкіметі барлық италиялықтарды біріктіреді деп уәде берді.

Коалицияға келер болсақ, Маттео Сальвинидің «Лигасы» мен Сильвио Берлусконидің «Алға, Италия» партияларымен бірге әсіре оңшылдар 44%-дан астам дауыс жинады. Солшыл центристер – шамамен 26,5%. Олардың арасында 19 пайыздан астам дауыс жинаған Энрико Летта басқаратын Демократиялық партия жақсы нәтиже көрсетіп, «Италия бауырларынан» кейінгі екінші орынды иеленді. Демократтар жеңілгендерін мойындап, болашақ парламентте негізгі оппозициялық күш болуға уәде берді.

Биылғы парламент сайлауына дауыс берушілердің 64% ғана қатысты, бұл ел тарихындағы ең төмен көрсеткіш. 2018 жылмен салыстырғанда 10%-ға аз.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Италияның экс премьер-министрі Марио Драги бастаған бұрынғы үкімет шілде айында саяси дағдарыстан соң отставкаға кетті. Драги өз шешімін билік басындағы коалицияның бірлігі жоқ деп түсіндірді. Кейін Италия президенті парламентті таратып жіберді. Ел парламентіне кезектен тыс сайлау 25 қыркүйекте өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Италияның жаңа премьер-министрі Джорджа Мелони жайлы мәліметтерді жариялаған болатынбыз. Ол мемлекеттің тарихындағы осы лауазымды иеленетін тұңғыш әйел атануы мүмкін.


Фото: euronews.com




Соңғы жаңалықтар