Италиядағы алапат су тасқыны: себебі, салдары мен болжам

Фото: Фото: Claudia Greco/Reuters
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мамырда Италияның солтүстігінде жойқын су тасқыны орын алды. Эмилия-Романья әкімшілік аймағы сұрапыл апат ортасына айналды. Апаттың ауқымы қандай және қазіргі уақытта не болып жатқаны жайлы ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.

Құрбандар, баспанасыз қалған мыңдаған адам және ауыл шаруашылығына келтірілген зор шығын

Эмилия-Романья - Италияның ірі облыстарының бірі. Аймақ солтүстігінде Ломбардия мен Венециямен, батысында Лигурия мен Пьемонтпен, оңтүстігінде Тоскана мен Маркемен шектесіп, шығысын Адриатика теңізі шайып жатыр. Италияның солтүстік-шығысындағы аймақ өзендерге бай: По, Треббия, Парма, Энца, Панаро, Рено, Секкия, Нуре, Арда, Рубикон және көпшілігі Апенниннен бастау алатын басқа да өзендер бар. Қатты жауын-шашын салдарынан үлкен өзендер арнасынан асып, жойқын су тасқыны мен көшкінге себеп болды.

Фото: Luca Bruno/AP

Қатты құрғақшылықтан кейін осы жылдың 2-3 мамыры аралығында аймаққа нөсер жаңбыр жауды. Бірқатар сарапшы климаттың өзгеруі атмосферада қысқа уақыт ішінде жерге түскен жауын-шашынның көп мөлшерін «жиналуына» әкелді деп санайды.

12 мамырда Болонья өлкесіне нөсер жауып, аздаған су тасқыны орын алды, ал 16 мамырда аймақ «Минерва» дауылына тап болды. Қатты жаңбыр екі күн бойы үздіксіз жауды. Нәтижесінде бүкіл аймақ бойынша 23 өзен арнасынан асып, 280 көшкін болды.

Фото: Getty Images

17 мамырда Эмилия-Романья губернаторы Стефано Боначчини «соңғы 24 сағат ішінде 300 миллиметрден астам жауын-шашын түсті» деп мәлімдеді және су тасқынын «бұрын-соңды болмаған апатты оқиға» деп сипаттады. Эмилия-Романья – құрылыс «тығыз» салынған аймақ болуы жағдайды күрделендіре түсті. бұл жайт судың жерге сіңуін қиындата түскен еді.

Мамыр айының басынан бері ұзақ уақыт бойы жауған жаңбыр топырақтың бұдан былай суды сіңіре алмауына әкелді. Бұған дейін орын алған құрғақшылық топырақты қатайтып, суды көбірек сіңіруге кері әсерін тигізді. Сонымен қатар, тік беткейлер түріндегі жер бедері көшкінге түрткі болды.

Мамыр айындағы су тасқыны 15 адамның өмірін қиды, 305-тен астам көшкін орын алды және аймақтағы 500-ден астам жолды бүлдірді немесе жауып тастады. Мыңдаған адамды баспанасыз қалдырды, 36 000-нан астам адам үйлерінен кетуге мәжбүр болды. Жергілікті көлік байланысы тоқтап, бизнесте іркіліс орын алды. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ерекше зор зиян келтірілді. Олардың қазіргі егіндері мен егістік алқаптарын су басып қалды.

Фото: © AP Photo / Francois Mori

Италиядағы көкөністер мен жемістердің жалпы өндірісінің 10 пайызы Эмилия-Романьяға тиесілі. Аймақ Италиядағы ең бай өңірлердің бірі саналады. Табыстың маңызды көзі - ауыл шаруашылығы (астық шаруашылығы, картоп, пияз және қызанақ, жүзім және жеміс өсіру, ірі қара мал, шошқа шаруашылықтары және тағы басқалары). Эмилия-Романьяда гастрономиялық және шарап жасау дәстүрі жақсы дамыған. Мысалы, жергілікті фермерлер Parmigiano (пармезан) ірімшігін, Парма шикі ысталған сүрленген ет, шараптың танымал брендтерін шығарады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Италияның солтүстігіндегі ауқымды су тасқыны 7 миллиард доллардан астам шығын әкелген.

Фото:EPA


Ел Президенті қирандыларды қалпына келтіруге қолдау көрсетуге уәде берді

Осы жылдың 30 мамырында Италия Президенті Серджио Маттарелла Эмилия-Романья аймағына барып, жергілікті тұрғындарды билік тарапынан қолдау болатынына сендірді.

«Бүкіл Италия сіздермен бірге. Сіздер қирандыларды қалпына келтіруде жалғыз қалмайсыздар», - деді Мемлекет баксшысы Форли қаласына барған кезінде.

Италия баспасөзі Серджио Маттарелла қирандыларды қалпына келтіру тек солтүстік-шығыс аймақ үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды екенін атап өткенін жазады.

Өз кезегінде жергілікті Coldiretti фермерлер қауымдастығының мүшелері сейсенбіде Президентке Эмилия-Романьяда таяуда орын алған су тасқыны мен көшкіннен құтқарылған жемістер мен көкөністердің себетін берді. Салат жапырағы, сарымсақ, шалғам, бөрікгүл, қияр, спаржа және басқа да азық-түлік өнімдері бар себет Форли қаласында сыйға тартылды.

Қауымдастық мүшелері жергілікті ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін сатып алу – жергілікті халықты қолдаудың және қазіргі уақытта су тасқыны салдарынан қауіп төніп тұрған ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіндегі шамамен 50 мың жұмыс орнын сақтаудың ең жақсы жолы деп санайды.

Фото:Claudia Greco/Reuters

Серджио Маттарелла Форли қаласына сапарынан кейін Чезена қаласына барып, волонтерлермен кездесті. Еріктілер су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға бірінші кезекте қажетті заттарды жинау орталығына көмектеседі.

«Іске шынайы берілгендеріңіз үшін, жасаған істеріңіз үшін және тапқырлықтарыңыз үшін рахмет», - деді Италия Президенті.

Қазіргі уақытта ел билігі аймаққа көмек ретінде 2 млрд еуро бөліп отыр.

Фото: Cecilia Fasciani/Getty Images


Қорытынды және болжам

Жергілікті және шетелдік сарапшылар Италияның осы аймағындағы апаттар жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты деп санайды. Өкінішке қарай, ол бір реттік емес оқиғаларға айналуы мүмкін. Мамандар осыған ұқсас, жиі әрі қатты дауылдар әлі де болады деп ескертеді.

Өз кезегінде, мұндай болжам Италия Үкіметінің жағдайға араласуының саяси ерік-жігерін талап етеді. Ықтимал су тасқынынан қорғау инфрақұрылымына миллиардтаған еуро инвестиция қажет.

Эмилия- Романья аумағының шамамен 70 пайызы қазірдің өзінде су басу қаупінде тұр. «Бұл - бәріне белгілі факт», - деді Ұлттық геологтар кеңесінің президенті Франческо Виоло.

Фото: Luca Bruno/AP

Бір ғасыр бұрын Италия көптеген таулы аймақтарда жасанды кедергілер мен бөгеттер сала бастады. Таулы аймақ Италия жерінің шамамен 70 пайызын құрайды. Бірақ кейіннен бөгеттерге техникалық қызмет көрсетуден біртіндеп бас тартылды.

Флоренция университеті ЮНЕСКО-ның ауыл шаруашылығы мұрасы кафедрасының меңгерушісі Мауро Аньолеттидің айтуынша, ойпатты жазықтардағы су тасқыны мәселесін шешу сол жерден басталады. Оның атап өтуінше, техникалық қызмет көрсету «әсіресе су тасқынына бейім аудандарда» күшейтілуі керек.

Фото: Claudia Greco/Reuters

Итальяндықтар, әдетте, табиғи апаттар орын алмайынша олардың өздерінің өмір сүруіне немесе өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін қаперге ала бермейді.

Бұл немқұрайлылық тәуекелдерді арттырады, деп санайды «Қауіпсіз Италия» үкіметтік ұйымының бұрынғы басшысы Эрасмо Д'Анджелис.

Климаттың өзгеруімен байланысты мәселелерді шешу үшін кейбір сарапшы жерді пайдалануды тоқтатуды немесе қараусыз қалған, ластанған немесе тозған аумақтарды қалпына келтіруді ұсынады. Олардың айтуынша, жаңа құрылыс сөзсіз салынатын болса, қазіргі гидравликалық жағдай ескеріліп, құрылыс аяқталғаннан кейін оның сақталуына кепілдік берілуі тиіс.

Фото: Luca Bruno/AP

«Климаттың өзгеруі барлық жоспарда ескерілгеніне көз жеткізіңіз», - деді Италияның экологиялық геология қоғамының қызметкері Илария Фалькони.

Кейбір эколог өзендер бойында су қоймаларын салуды ұсынады. Бірақ бұл саяси қарсылыққа тап болуы мүмкін. Э.Д'Анджелис Миландағы Севезо өзенінің асып-тасуына жол бермеу үшін су қоймаларының құрылысы қала әкімдерімен «қатты қақтығысқа» әкеліп соқтырғанын және бірнеше жылға созылғанын атап өтті.

Фото: Antonio Denti/Reuters

«Бөгеттер Италияда оларды салуға болатын ең жақсы жерлерде бұрыннан бар. Мәселе оларды толық қуатта жұмыс істеуі үшін қалпына келтіру болып тұр», - деді Италияның Қоршаған ортаны қорғау және зерттеу ұлттық орталығының қызметкері Ластория.

Фото: Claudia Greco/Reuters

Соңғы жаңалықтар