Италияда Валерий Толмачев есімді азаматтың қамауға алынуына байланысты барлық жағдайлар анықталуда - СІМ

None
None
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Париж-Рим бағытындағы ұшақты басып алмақ болған азаматтың кім екендігін анықтау ертеңге дейін мүмкін болмайды, деді бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифингте аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов.

«Италияда Валерий Толмачев есімді азаматтың қамауға алынуына байланысты барлық жағдайлар анықталуда. Бүгінде Италияда Пасха мерекесі - демалыс. Сондықтан да осы елдің мемлекеттік құрылымдарында тек кезекшілер жұмыс істейді. Осыған байланысты біз қазіргі уақытта Римдегі ҚР Елшілігі арқылы болған оқиғаның жай-жапсарын анықтаудамыз»,-деді ресми өкіл.

Бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған мәліметке қарағанда, Валерий Толмачев есімді азамат Қазақстан төлқұжатымен Париж-Рим бағытындағы ұшақта болған. Рим әуежайы полициясының мәліметі бойынша, аталған азамат алабұртқан күйде тырнақ егейтін құралмен ұшақ стюардессасын қорқытып, ұшақтың Ливияға бұрылуын талап еткен.

А. Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, аталған азаматтың тұлғасын анықтау мақсатында қазіргі кезде Римдегі ҚР Елшілігі осы азаматпен байланыс орнатуға тырысуда. Ол қазір Римнен 80 шақырым қаладағы тергеу -оқшаулау орынына қамалған. «Алайда, Италияда бүгін демалыс болғандықтан, әзірге онымен байланыс орнатуға және аталған азаматтың тұлғасын нақты анықтауға ертеңге дейін мүмкін болмай тұр»,-деді ресми өкіл.

Ұшақтағы куәгерлердің мәліметіне қарағанда, бұл азамат алкогольдік ішімдікке мас болмаған.

Айта кетейік, В. Толмачев есімді азамат Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдігінде кеңесші қызметін атқарады. Алайда, қамауға алынған азаматпен байланыс орнатылмағандықтан, В. Толмачевтің осы оқиғаға қатысы бар екендігін нақтылау мүмкін болмай тұр.

Соңғы жаңалықтар