Италияда су тасқынынан 13 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды

Фото: Фото: EPA/GETTY IMAGES
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияда бір жарым күнде алты айлық нормада жауған жаңбырдан орын алған су тасқыны салдарынан кем дегенде 13 адам қаза тауып, 13 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан бір-бірінен 115 шақырым қашықтықта орналасқан Риминидің солтүстік-шығыс жағалауы мен Болонья қаласының арасындағы өзендердің барлығы дерлік арнасынан тасыды.


Қала орамдары мен ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерді, 400 жолды су басты.

Түнде 280-ге жуық көшкін жүріп, тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды.

Өрт сөндірушілер тұрғындарға үйлерінен шығуға көмектесті. Олар 97 жастағы бір кейуананы жатын бөлмесінен резеңке қайықпен алып шыққан.


Өзен жағасында тұратын 55 жастағы заңгер Антонио Франческо Риццуто сейсенбі күні кешке үйін тастап кетуге мәжбүр болды.

Қазір ол қызымен бірге жақын маңдағы кентте тұрады.

«Мұндай масштабты ешкім күтпеген еді. Біз үйде болған кезде су деңгейі минут сайын көтеріліп тұрды. Ал кеше қайтып келсек, қонақ бөлмемізді толығымен су басып қалды. Жиһаздың көп бөлігін лақтырып тастауға тура келеді», - деді ол.

Бұған дейін Италияда нөсер жауынның су тасқынына ұласқанын хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар