Италияда қираған көпір орнында іздестіру жұмыстары тоқтатылды

None
None
ГЕНУЯ. ҚазАқпарат -  Италияның Генуя қаласындағы қираған көпір үйіндісінде іздестіру-құтқару жұмыстары толығымен аяқталды, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, тағы 3 адамның денесі табылды. Сонымен, осы апаттан қаза тапқандар саны 43-ке жетті. Іс-түссіз жоғалғандар жоқ. Әзірге 9 кісі ауруханада жатыр. Олардың төртеуінің жағдайы өте ауыр.

Осыған дейін құрбан болғандармен қоштасу рәсімін Италия үкіметі ұйымдастырғаны туралы хабарланды. Алайда, қайтыс болғандардың кейбіреулерінің туыстары билікке наразылық ретінде жеке жерлеу рәсімдерін өткізді. Себебі олар қайғылы оқиғаға мемлекеттік ұйымдарды кінәлайды.

Олар «егер инфрақұрылымды жіті бақылауда ұстағанда, мұндай адам шығыны болмас еді» дегенді алға тартты.

Өз кезегінде үкімет алдағы уақытта елдегі жолдарды қауіпсіз етіп, мұндай оқиғалардың алдын алуға уәде берді.

Еске сала кетейік, 14 тамызда 50 метр биіктікте орналасқан 200 метрлік эстакада бөлігі опырылып түсті. Сол сәтте көпірдің үстінде 40 шақты көлік болған.

Соңғы жаңалықтар