ІТ-сыныптарды ашуда Қарағанды облысындағы жұмыстар көңіл қуантады - Мәулен Әшімбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы мақұлдап, қолдау білдірген жаңа партиялық жобаларды іске асыру еліміз бойынша қарқынды жүргізілуде. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысының Жезқазған қаласына арнайы барып, өңірдің осы бағыттағы тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев қазіргі заманғы энерготиімді жабдықпен қамтамасыз етілген кәсіпорында болды. Сондай-ақ оқушыларға бағдарламалау мен робот техникаларының негіздерін үйрететін IT-орталықтар мен IT-сыныптарға барды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары арнайы ат басын бұрған нысандардың қатарында Сәтбаев қаласындағы Орталық кітапхана да бар. Жаңа партиялық бастамалар шеңберінде онда заманауи «Co-working орталығы» ашылған.

«Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларының негізгі бағыттарының бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырумен байланысты екені мәлім. Осыған орай партия Елбасының цифрландыру мен экономикалық жағынан білімді мамандарды дайындау жөніндегі бастамасына қолдау білдіруді көздейді.

Жезқазғанға сапары кезінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен ТМД мен Еуропа елдерінің аумағында алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі болып саналатын «Ұлытау Нан» нан зауытына барды. Мұнда барлық жұмыс процесі автоматтандырылған. Су физикалық, химиялық және ультракүлгін сүзгілер арқылы тазартылады. Ұнның сапасы да арнайы қондырғылар арқылы тексеріледі. Әр өнімге қажетті шикізатты компьютер есептеп, керек ұнның, тұздың және қанттың мөлшерін автоматты түрде береді. Осыдан кейін жұмысқа  автоматты қамыр илегіштер, кесуге, жаюға, қамырды айналдыруға арналған машиналар іске қосылады. Жасалған өнімдер қажетті температура мен дымқылдық сақталатын көтерілу қондырғысына, одан әрі ротациялық немесе жалпақ пештерге жөнелтіледі. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 35 тоннаға дейін нан өнімін шығарады. Дайын өнім Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына және Қаражал мен Ұлытау аудандарына жеткізіледі. Зауыт Елбасы айқындап берген цифрландыру жөніндегі барлық талаптарға толық сай келетінін де ерекше атап өткен жөн.

Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев мұндай заманауи өндіріс ошағының ашылуы және алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялардың енгізілуі жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық ахуалын жақсарта түсетінін атап өтті. Одан бөлек, Партия Төрағасының Бірінші орынбасары енді тіпті нан комбинатында да ІТ-мамандар мен бағдарламшыларға деген сұраныстың бар екеніне назар аударды. Өйткені, зауыт жұмысы толықтай компьютер арқылы жүргізіледі. Бұл талаптарға сай мамандар алдағы уақытта партияның қолдауымен қолға алынған IT-орталықтар жобасы бойынша дайындалмақ.

Жезқазғанда бағдарламалау негіздерін үйрететін IT-орталық «UTARI KZ» өндірістік инновациялық компаниясының базасында ашылды. Ол жерде балаларға арналған тегін IT-сыныптар жұмыс істейді. Мәулен Әшімбаев аталған орындарға да арнайы барып, компанияның жұмысымен танысты. Бұл жерде химия, мұнай-газ, металлургия, тамақ, дәрі-дәрмек, автомобиль өндірісі, коммуналдық шаруашылық, транспорт пен құрылыс саласының жұмысшылары үшін арнайы киімдер шығарылып, күнделікті өмір мен демалуға арналған киімдер тігіледі. Кәсіпорын компьютерлік бағдарламамен басқарылатын арнайы қондырғымен жабдықталған.

Тігін цехының жұмысшыларымен кездескен Мәулен Әшімбаев соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы әлеуметтік мәселелерге жіті көңіл бөліп, ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті.

«Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы осы бағыттағы бірқатар жаңа жобаларымызды бекітіп, нақты тапсырмалар берді. Сондықтан қазір аталған бастамаларды жүзеге асыру партия жұмысының басым бағыты. Олардың қатарында еліміздің болашағы саналатын өскелең ұрпақтың дені сау, білімді, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жағдай жасау ісі бар екенін ерекше атап өткен жөн. Соған орай балаларымызды алдағы уақытта сұранысқа ие, заман талабына сай мамандықтар бойынша оқытып, сапалы білім алуын қамтамасыз етеміз. Сондықтан партия еліміз бойынша ІТ-сыныптар ашуды қолға алды. Осы ретте аталған сыныптарды Астана, Алматы сияқты ірі шаһарларда ғана емес, Жезқазған сияқты моноқалалар мен аудан орталықтарында ашып, орталықтан шалғайда жатқан елді мекендердегі балалардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, бәсекеге қабілетті болуына, болашақтың мамандықтарын игеруге жағдай жасауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Қарағанды облысында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Облыс бойынша қазірдің өзінде бірнеше ІТ-сыныптар ашылып, жергілікті жастар заманауи білім алуда, - деді ол.

Осы ретте «Нұр Отан» партиясы қазақстандық IT-компаниялар мен өңірлік жоғару оқу орындарының базасында 20 IT-орталық және тегін 1000 ІТ-сынып ашуды қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап кеткенін атап өткен жөн. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, партия ІТ-сыныптарды ашу арқылы жастарға бағдарламалау негіздерін үйретіп қана қоймай, робот техникалары мен 3D модельдеуді де меңгеруге жағдай жасайды.
null

Жезқазғанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы бойынша да жұмыстар қарқынды. Соның аясында әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға арналған жатақхана қайта жаңғыртылып, жергілікті компаниялардың жас мамандарына берілген. Бұл жатақхананың өзгелерден басты айырмашылығы ретінде онда бірқатар партиялық жобалардың жүзеге асырылуын айтуға болады. Яғни, нұротандық кәсіпкерлер бұл жерде жаңа партиялық бастамалармен үндесетін бірнеше қызықты білім беру жобаларын іске қосқан. Айталық, ғимараттың бірінші қабатында «Open space library» аймағы - ашық электрондық кітапханасы орналасқан, ал жанында «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша ашылған  «Qazaq kluby» мен «English club» жұмыс істейді. Жатақханада дербес «Co-working орталығы», «Яркие умы» білім мен даму орталығы, «Лидерлер мектебі», «Business mentoring» және «Magic kitchen» орталықтары, шахмат пен тоғызқұмалақ ойынының студиясы бар. «Нұр Отан» партиясының балаларға арналған тегін IT-сыныптар жобасы бойынша «IT TECHNOLOGY FOR YOU» орталығының базасында қазіргі заманғы IT-сыныптар ашылған.

Бұл жерде бағдарламалау мен робот техникасы саласы әлемдік стандартқа сай оқытылады. Жылдың соңына дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өңірдегі бизнес өкілдерімен бірге 2500-нан астам адамды қамтитын балаларға арналған тап осындай 40 IT-сынып ашу жоспарланған.
null

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде нұротандықтар еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтарына айналдыру бастамасын қолға алғаны белгілі. Мәулен Әшімбаев Сәтбаев қаласындағы осындай жаңа білім беру орталығына арнайы барды. Мұнда «Со-working орталығы» жергілікті кітапхана базасында ашылған. Онда жастардың жұмыс істеуі және демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, топ болып және жеке жұмыс істеуге арналған аймақтар, тегін Wi-Fi, қажетті техника және тағы басқа мүмкіндіктер қарастырылған. Жастармен кездесуінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары, осы жылдың соңына дейін «Нұр Отанның» қолдауымен Қарағанды облысында тағы да бірқатар білім орталығының ашылатынын айтты.
null

««Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жүйелі түрде қатысу партия қызметінің басым бағыттарының бірі. Елімізде білімге деген құштарлықты арттыру осы бағдарламаның негізгі мәні болып табылады. Жаңа «Со-working орталықтарында» жастар тек кітап оқып қана қоймай, бір-бірімен араласып, еркін пікір алмасуына жағдай жасалған. Кітаптардың өздері де электронды нұсқаға көшіріледі. Мұны жастар тиімді пайдаланып, білімі мен біліктілігін арттырулары тиіс. Қазір елімізде ағылшын тілін үйрену үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл жерде де бір тілмен шектелмей, басқа тілдерді меңгеруге талпыну керек. Жастар әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы тиіс», - деді Мәулен Әшімбаев. 

Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша нұротандықтар аға ұрпақты қолдауға бағытталған тағы бір маңызды «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын іске асыруда. Одан бөлек, Жеңіс күні қарсаңында партияның бастамасы бойынша «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» іс-шарасы да қатар жүргізіліп келеді. Жезқазғанға сапары барысында Мәулен Әшімбаев 95 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Степановна Виноградовамен кездесіп, майдангерді мерейтойымен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар