IT-стартаптарға екі жылда 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық экожүйенің дамуы туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы Astana Hub халықаралық технопаркі ашылған сәттен бері IT-стартаптарға 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды», - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Министрдің айтуына қарағанда, Astana Hub технопаркіндегі жұмыс көлемінің артуы - бағдарламалардың инвестициялық тартымдылығы мен жоғары қызығушылыққа ие екенін дәлелдей түседі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Astana Hub еліміздегі ең танымал нетворкинг-алаңға айналды. Технопарк базасында 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған шамамен 20 мың адам қатысты. Стартаптарды әрі қарай зерттеу және білім беру жағынан қолдау көрсету үшін технопаркте CISCO, IBM, Huawei, Intellisense сияқты компаниялардың 16 R&D-орталығы ашылды. Бұл орталықтарда кеңес беру, техникалық сараптама жүргізу, арнайы жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету қызметтері қолжетімді. Жаңашыл қызметкерлер үшін тұрақты негізде білім беру іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ұйымдастырылған 122 кездесуге 2500-ге жуық тыңдаушы қатысқан», - деді ол.

Асқар Жұмағалиев атап өткендей, инновациялық экожүйені дамыту үшін венчурлік қаржыландыру туралы заң қабылданған. Онда венчурлік қорларды мемлекетпен бірлесіп қаржыландыру арқылы қолдау көрсету көзделген.

«Осы заң аясында «Qazaqangels» бизнес клубы мен «Qazaq Techventures» секілді салаға қолдау көрсету институтын құру мүмкін болды. Жуық арада екі венчурлік қорды іске қосу жоспарда бар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар