ІТ-мектептерде білім алу үшін жыл сайын ваучерлер бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын жеке ІТ-мектептерде білім алу үшін IT-ваучерлер бөлінетін болады. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанға ресми сапармен келген Үндістанның Сыртқы істер және мәдениет министрі Минакша Лекхимен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің хабарлауынша, сонымен қатар Бағдат Мусин Қазақстанның IT саласындағы кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілетіні туралы айтып берді.

«Цифрлық трансформацияны жүргізу үшін жоғары білікті IT-мамандардың болуы маңызды. Қазақстанда жыл сайын жеке ІТ-мектептерде білім алу үшін IT-ваучерлер бөлінетін болады. Бұл – IT-мамандығын игеруге немесе осы мамандыққа ауысуға ниет білдірген кісілер үшін жақсы мүмкіндік. Біздің болжам бойынша 2025 жылы 20 мың ваучер шығарылады. Осы орайда үнді компанияларын білім жобаларына қатысуға шақырамын», - деп атап өтті Цифрлық даму министрі.

Бұдан басқа, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі елімізде проактивті қызмет көрсету бағытына баса назар аударылып отырғанын, «цифрлық құжаттар» сервисі іске қосылғанын, электрондық цифрлық қолтаңбаны алу қашықтық форматқа ауыстырылғанын атап өтті.

«Біздің министрлік Үндістанмен АКТ, электрондық басқару, ақылды қала, ІТ-мамандардың біліктілігін арттыру, телекоммуникация, киберқауіпсіздік, ғарыш саласында серіктестік және тиісті агенттіктер, технопарктер, венчурлық қорлар мен кәсіпорындар арасында әріптестік орнатуға ниет білдіріп отыр»- деді Бағдат Мусин.

Шетелдік делегация аталған салаларда ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар