Испанияның қай қаласында білім алатын қазақстандықтар көп

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық жастар тарапынан Испанияда білім алуға деген сұраныс жоғары. Еуропаның іргелі елінің білімі жайлы СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның Испаниядағы және Андоррадағы елшісі қызметін қоса атқарушы Константин Жигалов кеңірек сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Испанияға деген қызығушылық біздің елде жоғары. Алайда көптеген ЖОО-ларда оқудың испан тілінде жүргізілуі едәуір кедергі келтіріп тұрғанын атап өту керек. Жуырда ғана мен Кадис қаласындағы университетте болдым. Кадис деген Испанияның шағында болса ежелгі шаһарларының бірі. Сол жерде біздің елдің студенттерімен кездестім. Сөйтсем, Кадис қаласындағы университетте Қазақстанның 8 студенті оқиды екен. Соңғы он жылда 140 бала Кадистегі бір ғана университетте білім алыпты. Әлбетте, көпшілік Барселона мен Мадридке қызығады. Студенттердің басым шоғыры ірі қалаларда білім алып жатыр», - дейді елші.

Дипломат сонымен қатар Испанияда қазақстандықтар футболдың қыр-сырын қалай меңгеріп жатқанын да айтып берді.
«Біздің елдің жастары қазіргі уақытта Бразилияда, Түркияда, Испанияда футбол білімін меңгеру үстінде. Бізде белгілі бір дәрежеде «Барселона» клубымен байланыс та орнап қалған (...) Бүгінгі күні Канар аралдарында бір адамды құрметті консул ретінде бекітіп қоюды ойластырып отырмыз. Ол кезінде «Барселона» сапында доп тепкен. Біздің жастарымыз Испанияда футболды меңгере алатындай жағдай жасау үшін сол кісіге ұсыныс жасамақ ойымыз бар», - дейді ол.

Еске сала кетсек осы брифингте Константин Жигалов Қазақстаннан Испанияға жылына қанша турист баратынын айтып берген болатын.

Соңғы жаңалықтар