Испаниядағы қазақ диаспорасы немен айналысып жүр

None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде Испанияда 5 мыңға жуық Қазақстан азаматы мен біздің елден қоныс аударғандар тұрып жатыр. Бұл ретте «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне Еуропадағы қазақ диаспорасының өмірі жайында «Испаниядағы Қазақ үй - Casa kazaja en España» қауымдастығының жетекшісі Жаннат Нұрбаева баяндап берді.

- Жаннат Амангелдіқызы, өзіңіз басқарып отырған қауымдастық туралы таныстырып өтсеңіз. Қауымдастықтың негізгі бағыты қандай?

- «Испаниядағы Қазақ үй - Casa kazaja en España» қауымдастығы – мәдени-ағартушылық бағыттағы коммерциялық емес ұйым және өз жұмысын 2022 жылдың 15 ақпанында бастады. Бүгінде біз үш негізгі мақсатты аудиториямен жұмыс істейміз: Испанияда 15-20 жылдан астам тұратын қазақ отбасылары, кейінгі 5 жылда келген қазақтар, сондай-ақ Испанияда тұрақты оқитын немесе академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша келген қазақстандық студенттер.

Әрине, ұйымның басты мақсаты – Испаниядағы қазақтардың өскелең ұрпағы арасында тарихи дәстүрін, тілін, жалпы, Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақ мәдениетін, ұлттық болмысын сақтау. Сонымен қатар, Қауымдастық қызметінің негізгі бағыты білім беруге қатысты. Бұл тұрғыда мәдениетті сақтау үшін қазақ тілі курстарын өткізу, жақында келгендердің бейімделуін жеңілдету бағытында испан тілін оқыту ескерілген.

Сонымен қатар, SIELE емтиханын (Servicio Internacional de Evaluación de la Lengua Española – халықаралық испан тілін меңгеру деңгейін бағалау қызметі) өткізуге лицензияның болуына байланысты біздің Қауымдастықтың білім беру қызметтерінің ауқымы артты.

Мұнымен қоса, біздің жұмыста мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізу қарастырлған. Ашылғанымызға көп уақыт өтпегеніне қарамастан, «Испаниядағы Қазақ үй - Casa kazaja en España» қауымдастығы еуропалық немесе халықаралық деңгейдегі съездер мен кездесулерге қатысты. Мәселен, 2022 жылы Парижде өткен Еуропа қазақтарының құрылтайына қатыстық. Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақ үйі қауымдастығы Германияның Кельн қаласында өтетін келесі құрылтайға қатысуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, 2022 және 2023 жылдары өзіміз Наурызды атап өттік. Мадридтегі Дизайн және технология университетімен (UDIT) бірлесе отырып, тиісті әлеуметтік жоба мен қазақ жастарына арналған «Қазақ оюы» мәдени жобасы ұйымдастырылды.

- Қауымдықтың неше мүшесі бар?

- Қазақстандықтар бірлестігіне Испанияның түрлі аймақтарында тұратын 100-ден астам адам кірді. Отбасылардың көбісі Мадрид, Торевьеха, Барселона, Сан-Себастьян және Валенсия қалаларында тұрады. Мен Испанияда 23 жылдан астам уақыт тұрып жатырмын. Қоғамдық тұрғыдағы жұмыстарыма тоқталсам, қазақ, испан, орыс тілдерін оқытумен айналысамын. Испания қазақтарының атынан құрылтайларға, конференцияларға, еуропалық және әлемдік деңгейдегі басқосуларға қатысамын.

- Испаниядағы отандастарымыз немен айналысады?

- Қауымдастық мүшелерінің арасында мықты заңгерлер, бизнесмендер, сондай-ақ белгілі аудармашылар, инженерлер, суретшілер, актерлер, кинорежиссер және басқа да мамандықтарды меңгерген адамдар бар.

Олардың әрқайсысы өз саласында Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға ерекше үлес қосып келеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, қазақ жастарына үнемі өзінің ақылын айтып, кеңес беріп отыратын қариялар бар.

Біздің қауымдастықтың құрамына қазақтың атақты суретшілері - Толқын Сақбаева мен Дәурен Қастеев сияқты талантты адамдар енген. Қазір Торревьеядағы Vega театрының көркемдік жетекшісі қызметін Фатима Жандосова атқарып жатса, Реал Мадрид қорының ресми өкілі ретінде Айнұр Мұқанова танымал болып отыр. Ал, Динара Шәңгерей аудармашы және Испания мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік бағдарламалардың үйлестірушісі қызметінде жүр. Елтай Көшеков есімді азамат кәсіпкер, заңгер, сондай-ақ Madrid company әрі REAL Агентттігінің негізін қалаушы.

Аға буын өкілдері арасында Әуескүл Әріпбаева мен Әспет Сақбаева қоғам қайраткерлері ретінде белгілі. Олар мәдениет пен дәстүр бойынша кеңесші қызметін атқарып отыр.

Бір жыл жұмыс барысында біздің бірлестігіміз «Отандастар қорымен», Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен, бүкіл Еуропадағы қазақ диаспорасымен, Испаниядағы асырап алынған қазақ балалары ұйымымен, Қазақстан Республикасының Испаниядағы Елшілігімен, Сервантес институтымен, Дизайн және технология университетімен (UDIT) және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық орнатқанын айта кеткен жөн.

Алдағы уақытта бірқатар іс-шараны өткізбекпіз. Оның ішінде Испанияның Ұлттық кітапханасымен және қазақ балалары ұйымымен бірлесіп Абай шығармашылығына арналған жобаны іске асырмақпыз. Сондай-ақ Ораза айт мерекесіне қатысты жиналмақпыз.

Қауымдастық аясында өз идеяларымызды әлеуметтік желілер арқылы (Instagram: casa.kazaja.es) таратып жатырмыз. Бұл ретте оны Испанияға баруды жоспарлап отырған қазақстандық студенттерге арналған ақпараттық платформа, сонымен қатар испандықтар мен басқа да шетелдіктерге қазақ мәдениетін таныстыру алаңы ретінде пайдаланып жатырмыз.

Ұйымның түпкілікті идеяларының бірі – қазақ үйін құру. Біріншіден, онда Оңтүстік Еуропаның түкпір-түкпірінен келген қазақтар үшін мәдени іс-шаралар өткізуге болады. Екіншіден, шетел азаматтарына Қазақстанмен, дәстүрімізбен, тарихымызбен және тілімізбен кеңінен танысуға мүмкіндік жасалады.

- Әңгімеңізге рақмет


Соңғы жаңалықтар