Ісмерлікпен тұрмысын жақсартқан қазақ әйелдері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстандық ғалым Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен марапатталды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің ғылыми зерттеулер және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау бөлімінің бастығы PhD докторы Нодирбек Журакузиев Қазақстан тарапынан марапатталды, деп хабарлайды «ӨзА». «Нодирбек Журакузиев мырза Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық, мәдени, білім беру және ғылыми байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы қойылған күәлік пен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталған», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Н.Журакузиев Ферғана облысының Бесарық ауданында дүниеге келген. 2018 жылы филология ғылымдарынан докторлық диссертациясын қорғаған. 50-ден астам ғылыми мақаланың авторы.

Түрік және қазақ іскерлер одағына жаңа басшы сайланды - TRT

Түрік және қазақ іскерлер одағы (TÜKİB) жаңа басшысын сайлады. TÜKİB-тің жаңа атқару кеңесі төрағасы Джем Жиритчи болды. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлаған болатын.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстанның Алматы қаласында өткен TÜKİB жиналысында одақтың жаңа басшылығы сайланған. Дауысқа салу барысында Джем Жиритчи басшы болып тағайындалды.

«Түрік-қазақ іскерлер одағы ретінде басымдығымыз осы мекемені жаңа деңгейге көтеру. Осыған байланысты жұмыстарды бастап кеттік. Бүкіл инфрақұрылымызбен дайын болу, осындағы түрік компанияларының проблемаларын шешу. Жергілікті басшылықпен байланыстарды нығайту және сонымен бірге Түркияда инвестиция салуды жоспарлаған қазақ инвесторларға жол көрсету, бір көпір қалыптастыру мақсат етілді», деп жазды TRT.

Айта кетейік, TÜKİB 2016 жылы түрік және қазақ іскерлері бірлесе жұмыс жасау мақсатымен құрылды. Қазақстандағы түрік капиталды компаниялардың 90 пайызы осы мекеменің шаңырағы астында бірлеседі.


Ісмерлікпен тұрмысын жақсартқан қазақ әйелдері - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қазақтың кесте тігу өнері – мемлекеттік материалдық емес мәдени мұралардың бірі. Шыңжаңның Санжы облысы, Жемсары ауданы Байшуан ауылындағы қазақ әйелдерінің көбі бұл өнерді жетік меңгерген, деп хабарлайды People Daily.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, қазақ оюлары мен кесте өнері Қытай елінде ұлттық материалдық емес мәдени мұралардың бірі болып саналады.

«2013 жылы Байшуан ауылында кесте тігу бойынша кәсіптік кооператив құрылды, ол жергілікті әйелдерді бос уақыттарын кесте өнімін әзірлеуге және өндіруге жұмсауға жол ашты. Осы кәсіп арқылы тұрғындар үйде жұмыспен қамтылып, кірістерін арттыруға арналған сауда алаңын құрды. Қазіргі кезде кесте тігу кооперативтеріне 43 тұрғын қосылып, олар кесте бұйымдарының 20-дан астам түрін шығарды. Кесте өнімі өндірісі жергілікті әйелдер үшін кірісті арттырудың басты тәсілі болды», деп жазады Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Баян-Өлгейліктер үйлену тойына қанша ақша жұмсайды және ол қаншалықты ақталады - Kaznews

Баян-Өлгей тұрғындарының үйлену тойына қанша ақша жұмсайтындары және оның қаншалықты ақталатыны туралы асаба Сәтжан Класханұлы мен Солтыхан Кәрімханұлын сөзге тартқан едік, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған сауалға жауап беруге талпынған 28 жаста – той жүргізуші, асаба Сәтжан Класханұлы жалпы қазақ тойының ұлт өмірінде алар орынына, мән-маңызына тоқталады. «Бүгінгі ақыл, ертеңге жарамайды» демекші, қазіргі замана талабы таптауырын, жаттанды, жыртақай әзілдерді көтермейді. Сондықтан асабалар үнемі ізденіс үстінде болу керек екенін айтады Сәтжан. Жаңа өмірге қадам басып жатқан екі жасқа күлдіре отырып, олардың зердесіне ой салуды басты міндет ретінде қарайынын тілге тиек етеді. «Қысқасы асаба, шешендік, сыпайы сөз саптау, арғы-бергіден хабары бар, ана тілінің уызынан жарыған болуы шарт», - дейді асаба.

«Баян-Өлгейліктер үйлену тойына қанша ақша жұмсайды» деген сұраққа Сәтжан емес, жүргізуші, асаба Солтыхан Кәрімханұлы жауап берген. Асаба той туралы толғанысы айта келіп, сөзінің соңында аймақта үйлену тойында қанша қаражат жұмсайтыны туралы өз болжамын айтқан.

«Той – халықтың қазынасы. «Жиғаның тойға шашылсын» дейді халқымыз. Деседе біздің керейлер тойға ерекше тиянақты қарайды. Ысыраппен, дарақылықты жақтырмайды. Қазіргі жастар тойларын заманауи тойханада жасағысы келеді. Ондай тойхана әрине бағасы сәл қымбат. Бес саусақ бірдей емес. Өзінің тұрмыс деңгейіне сәйке келетін тойын жап-жақсы өткізетін үлгілі жандарды да көріп жүрмін. Менің байқауымша қазіргі тойға жұмсайтын ақша 15-20 миллион «төгрөг» (Моңғолия валютасы) деп ойлаймын (долларға шаққандағы бағамы 1 доллар - 2,850 төгрөг. 1 теңге шамамен 6.72 төгрөг тұрады). «Ұят болады, обал болады» дейтін қазақпыз ғой. Шақырған соң ұят деп қонақтарда түгел келіп жатады. Тойға жұмсалған ақшаның 60 пайызы ақталуы мүмкін», - дейді асаба Солтыхан Кәрімханұлы.


Тянь-Шань тауының етегіндегі жабайы жылқылар - Жэньминь жибао

Жабайы құлан (Пржевальский жабайы жылқысы) Шыңжаңның Жемсары уезіндегі далада өмір сүреді. Фото 23 қаңтарда дронмен суретке түсірілді. Міне, бұл қарлы дала кетіп бара жатқан құландардың керемет қысқы көрінісі, деп хабарлайды осы аптада kazakh.people.com.cn порталы.

Мемлекеттік бірінші дәрежелі қорғалатын жануар құланның әлемде тек 2 000-нан астамы ғана қалған. Осы түрді сақтау және қалпына келтіру үшін Қытай 1985 жылдан бастап басқа елдерден құланды әкеліп, оларды қорғау және тұқымын асылдандыру бойынша түрлі шара қабылдаған. 30 жылдан астам қажырлы еңбектің нәтижесінде Шыңжаң Қытайдағы ең көп жабайы құланы бар провинцияға айналған.

«Шыңжаң құланды өсіру ғылыми орталығы Шыңжаңның Жемсары уезінде орналасқан. Бұл орталық негізінен Пржевальский жабайы жылқыларын қорғаумен, өсірумен айналысады», деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Айта кету керек, олардың көпшілігінде түсі біркелкі болады. Атақты саяхатшы Н. М. Пржевальский ашқан жабайы жылқылардың бір ғана түрі Орталық Азияның батыс бөлігіндегі таулы далаларды мекендейді. Құлан ғалымның атымен Пржевальский жылқысы деп те аталады.

Қазақ, Моңғол дипломатиялық қарым-қатынасына 29 жыл толуына орай ҚР елшісі сұхбат берді - Kaznews

Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы Қазақстан мен Моңғолия дипломатиялық қатынастар орнатқанына биыл 29 жыл толуына орай Қазақстан республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев мырзаның сұхбатын жариялады.

Елшімен болған сұхбатта аталған екі ел арасындағы тұрақты дипломатиялық қатынастарға кеңінен тоқталған.

Жалғас Әділбаев мырза екі мемлекеттің арасындағы қатынастардың дамуының қазіргі ахуалы мен перспективалары туралы қойылған сұраққа жауап берумен бастаған. Сондай-ақ, ҚР-ның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі екі ел арасындағы көптеген салалардағы қарым-қатынастарды (ауыл шаруашылығы, білім және басқа да салаларда), екіжақты жалпы ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде қазақстандық тараптан қандай салаларға бұдан кейін басымдық беріледі деген мазмұндағы сұрақтарға жауап берген.

Елші Жалғас Әділбаев тілші сұрағына берген жауабында, алдағы уақытта Қазақстан мен Моңғолияның мемлекетаралық қатынастары жаңа даму сатысына көтерілуі қажет екенін айтты. Ол үшін тараптар ең жоғарғы деңгейдегі қатынастарды жандандыруы тиіс екенін тілге тиек етті.

ҚР елшісі көлемді сұхбатының соңында, мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттестік саласында 2021-2022 жж. Қазақстанның Моңғолиядағы мәдениет күндерін және Моңғолияның Қазақстандағы мәдениет күндерін өткізу жөніндегі екі елдің премьер-министрлерінің қол жеткізген уағдаластығын іске асыруға күш салу керек екенін айтқан.


Соңғы жаңалықтар