Исландия кезекті сенсациясын жасай ала ма?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының D тобындағы командалары кезекті кездесуін өткізеді. Исландия құрамасы Нигерияны қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболсүйер қауымға сенсация жасаушы ретінде танылған Исландия құрамасы Волгоград алаңында Нигериямен кездеседі. Бұл ойында келесі айналымға шығатын команда анықталуы мүмкін. Аралдықтар бірінші кездесуде Аргентинамен тең түсті. Есеп - 1:1.

Сонымен, Исландия құрамасының әлем чемпионатында дейінгі жорығы қандай еді? Қысқаша тоқталайық.

Алғаш рет 1958 жылы Швецияда өткен әлем чемпионатының іріктеу ойындарында 4 матч өткізді. Елдің үлкен футболдағы жетістікке жеткен уақыты 2011 жылға сап келеді. Осы жылы Исландияның жастар құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Олар топтық кезеңінде атақты Данияны тізе бүктіріп, кішігірім сенсация жасады. Бір қызығы, қазіргі команданың 8 ойыншысы - сол жастар арасындағы чемпионатта өнер көрсеткендер.

Ал викингтердің 2016 жылғы Францияда Еуропадағы жетістігі күллі әлемнің назарын аудартты. Бұған дейін мұндай ірі жарысқа қатыспаған арал ойыншылары өз тобындағылардан басым түсіп, плей-офф бәсекесіне тартты. Мұнан соң ағылшындарды ұтып, ширек финалға бір-ақ шықты.

Ресейдегі әлем чемпионатына жолдама алу үшін Украина, Хорватия, Түркия сынды азулылардың алдын орады.

Бүгін алаңға шығатын футболшылардың қатарында «Эвертон» (Англия) «серкесі» Гюльфи Сигурдссон мен «Аугсбург» шабуылшысы Альфред Финнбогасон бірден көзге түседі. Олай болса, бұл жігіттерге қарсы тұратын Нигерия құрамасы туралы не білеміз?

Осымен 6-шы Әлем чемпионатына қатысып отырған Африка құрлығының өкілдерінің ең басты жетістігі - 1998 жылғы Олимпиада ойындарының «алтыны». Олар Африка Кубогын 17 мәрте ұтты. Биылғы доп додасының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін Замбия, Камерун, Алжирді артқа тастап кетті.

Нигерия сапында «сен тұр, мен атайын» деген футболшылар жиналды. Түркияның «Қасымпашасының» қорғанысына жауапты Кеннет Омеруо мен «Майнцта» ойнайтын Леон Балогунды жұрт жақсы біледі. Талай жыл «Челсидің» орталық шебінде ойқастаған Джон Оби Микел әлі бабында. Ахмед Мұса, Виктор Мозес, Келечи Ихеаначо сынды саңлақтардың қай-қайсысы болса да, негізгі құрамның жігіттері.

Исландия ФИФА-ның жаңартылған рейтингінде 22-орында тұр. Нигерия 48-сатыда. Қос команда арасындағы кездесу бүгін «Qazaqstan» телеарнасында сағат 21:00-де көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар