Исламбек Салжанов: Қазақстанда қайырымдылық туралы дұрыс түсінік қалыптастыру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде қайырымдылық және волонтерлік ұйым көп, бірақ қайырымдылық институы жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қайырымдылық пен еріктілік - ұлт мәдениетінің бір бөлігі» тақырыбында өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды волонтерлер жылы деп жариялағаны баршаңызға белгілі. Қазіргі таңда бүкіл әлем, оның ішінде біздің елдегі күрделі кезеңде еріктілердің рөлі бұрынғыдан да көп сұранысқа ие болды. Биыл волонтерлердің жұмысы қалай күшейгеніне куә болдық. Пандемия кезінде еріктілер аянбай еңбек етті. Тәжірибеде көрсеткендей, біз осымен шектелмей, еріктілерде де, қайырымдылық қорларын да белсенді дамытуға үлес қосуымыз керек. Қайырымдылық шаралары дамып кеткен елдердің тәжірибесіне сүйене отырып жұмыс істеуіміз керек», - дейді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов.

Оның айтуынша, «Giving USA 2018» статистикасына сүйенетін болсақ, америкалықтар 400 миллиард долларды қайырымдылыққа жұмсаған. Оның 71%-ын қарапайым халық жинаса, 16%-ын қоғамдық қорлар, ал 5%-ын корпорациялар жинаған.

«Бұл көрсеткіш АҚШ-та қайырымдылық ісіне тұтастай ел жұмылдырылғанын білдіреді. Батыста қайырымдылық жасау – жақсы әдет, әрі қалыпты жағдай. Олар мұндай нәтижеге жүйелі түрде қол жеткізген. Олар қайырымдылық жасауды мектеп, университеттен бастап қолға алған. Қазақстан да «Giving USA Foundation» сияқты институт құрып, осы тақырыпқа қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамда қайырымдылық жасау туралы дұрыс түсінік қалыптастыруы керек. Елімізде қайырымдылық және волонтерлік ұйым көп, бірақ қайырымдылық институы жоқ. Дегенмен еліміздің тарихы мен салт-дәстүрінде қайырымдылық үлкен маңыз берілген. Қазақ халқында бұрын жетімдер үйі де, қарттар үйі де болмаған. Біз қайырымдылықты жүйелі түрде дамыту үшін өзімізде болған түсінікті қайтарып, халықаралық тәжірибені зерттеуіміз керек», - дейді ол.

Исламбек Салжановтың қайырымдылық шараларымен айналысқанына 15 жылдан асқан. Ол әр қайырымды істің қайтарымы бар екенін айтты.

«Жақсылық жасасаң – Алладан қайтады. Ерте ме, кеш пе, бәріміз о дүниелік боламыз, сол кезде өзімізбен бірге ештеңе алып кетпейміз. Біздің жасаған қайырымды істеріміз артымызда қалған із болады, сол себепті еліміздегі қайырымдылық шаралары мен волонтерліктің дамуына әрқайсысымыз үлес қосайық», - дейді «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы.


Фото: assembly.kz


Соңғы жаңалықтар