Ислам ойындары: Дзюдошы Ерғалиев «қола» иеленді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Еламан Ерғалиев Бакуде өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарының қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА-ның Бакудегі меншікті тілшісі.

100 келіден астам салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ерғалиев түркиялық қарсыласы  Фейяз Йазыджыны жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына екінші «қоланы» салды.

Ал 100 келіге дейінгі екінші дзюдошымыз Виктор Демьяненко қола медаль үшін белдесуде Араб Әмірліктерінің спортшысына есе жіберіп, бесінші орынды қанағат тұтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , 14 мамыр күні қазақстандық боксшылар жарыстардың келесі кезеңіне өтті. Сұлтанбек Зәуірбек (60) Улугбек Дусмурадовты (Өзбекстан) 5:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Сұлтанбек келесі айқасын 17 мамыр күні өткізеді. Илья Очкин (69) Абделкабир Белассекті (Марокко) 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Онда ол пәкістандық Аршад Хуссаинмен кездеседі. Сондай-ақ ¼ финалда Азат Махметов (52), Тұрсынбай Құлахмет (75) және Қуан Қуатов (64) өнер көрсететін болады.

Жексенбі күні Бакуге таеквондодан ҚР құрамасы келді. Оның құрамында Риодағы Олимпиада ойындарының қатысушысы Руслан Жапаров, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Жансель Дениз және Айнұр Есбергенова бар.

15 мамыр күні қазақстандық боксшылар мен дзюдошылар жарыстарын жалғастыратын болады.

Еске сала кетейік,  12-22 мамыр аралығында Әзербайжан астанасы Бакуде IV Ислам ынтымақтастық ойындары өтуде. Ойындарға 54 елден шамамен 3500 спортшы қатысуда. Қазақстан атынан бес бағыт бойынша 32 спортшы қатысуда.

Ойындар әлемнің 58 елінде тікелей эфирден  көрсетілуде. 

 

Соңғы жаңалықтар