Ислам елдері азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 27-29 тамызда Сауд Арабиясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының екінші сессиясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Қазақстандық делегацияны Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров басқарады. Мұсылман елдерінің ауылшаруашылық министрлері азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылайды. Олар тәжірибе алмасу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен дамыту үшін нақты шаралар қабылдайды», - деді Айбек Смадияров ҚР СІМ ғимаратында өткен брифингте.

Бұл сессия Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының толыққанды институционалды қалыптасуында маңызды қадам болмақ.

«Бас Ассамблеяның Төрағасы мен Төрағасының орынбасары, сондай-ақ тең құқылы аумақтық өкілдік қағидаттары негізінде осы ұйымның Бас директоры және Атқарушы кеңестің мүшелері сайланады», - деді министрлік өкілі.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ИЫҰ мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін құрылды. Қазіргі уақытта 33 мұсылман мемлекеті АҚЫҰ мүшесі болып табылады. Штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.


Соңғы жаңалықтар