Ислам - агрессия емес, мәдениет - А.Бабаев
2015 жылғы 24 ақпан 14:12

Ислам - агрессия емес, мәдениет - А.Бабаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ислам - агрессия емес, мәдениет. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен конференция барысында білім-ғылым, мәдениет істері жөніндегі Ислам ұйымы (ИСЕСКО) бас директорының өкілі Алибаба Бабаев айтты.

ИСЕСКО өкілі биыл Алматы қаласының Ислам мәдениеті астанасы болып жариялануына байланысты өткізілетін халықаралық шаралар туралы айтып өтті.

«Жыл бойы өнер, білім беру, ислам тарихы туралы кітаптар шығарып, көрмелер ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, ислам мәдениеті туралы виртуалды музейді көрсетеміз. Осындай шаралар мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы сұхбат орын алады деген үміттеміз. Біздің биылғы жылдан күтеріміз ислам мәдениеті елдері арасында түсіністік қалыптастыру. Бұл шара тек мұсылмандарға ғана арналмайды. Халық ислам мәдениеті туралы көп білуі керек», - деді ол.

Алибаба Бабаевтың айтуынша, көптеген діни топтар исламды басқа мақсатпен пайдаланып, қаралауға тырысуда.

«Біз ислам ұйымы ретінде оны қабылдамаймыз. ИСЕСКО ұйымына мүше елдерге ислам мәдениеті мен имиджін көрсетуге тырысамыз. Ислам - агрессия емес, ол - мәдениет. Оны ұғыну үшін білім алу керек», - деді А.Бабаев.

Иран Ислам республикасының мәдениет вице-министрі Сейд Мұхаммед Хашими биылғы жыл Иран республикасы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басуға ықпал ететінін жеткізді.

«Алматы қаласының Ислам мәдениеті астанасы атануы тегін емес деп ойлаймын. Алматының бұл мәртебеге ие болуы Қазақстандағы ислам мәдениетінің тереңде жатқанын, ислам тарихы туралы бай мұрасының бар екендігінен хабардар етеді. Биылғы жыл Иран Ислам республикасы мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, жаңа кезеңге аяқ басуына септігін тигізбек», - деді Сейд Мұхаммед Хашими.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT