Ислам Әбішевке қандай айып тағылып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитеті төрағасының қамауға алыну себебі белгілі болды. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы парақорлықта әшкереленгендігі туралы ақпарат таралған болатын. Бүгін біз сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша ресми ақпаратты Сіздердің назарларыңызға ұсынатын боламыз. Жалпы сіздерге су ресурстары саласындағы криминогендік жағдай бойынша қысқаша шолуды жеткізгім келеді. Біз барлығымыз, сумен жабдықтау - адамдардың тіршілігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылатындығын түсінеміз», - дейді Жанна Бастарова.

Оның айтуынша, 2017 және 2018 жылдары сумен жабдықтау саласын дамытуға шамамен 90 млрд теңге бөлінген (2017 жылы - 40,5 млрд теңге, 2018 жылы - 38,9 млрд теңге). Су ресурстары комитеті функциясының бірі - республика меншігіндегі су шаруашылығы нысандарын (су қоймалары, гидротехникалық құрылыстар, топталған суқұбырлары) пайдалану және күтіп ұстау. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметін үйлестіреді. Аталған республикалық мемлекеттік мекеме республикалық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін (гидротехникалық құрылыстар мен кешенді мақсаттағы су қоймаларын, магистралдық су құбырлары мен өзге су шаруашылығы объектілерін) пайдалануды, күтіп ұстауды, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, суару және ауыз суды беруді іске асырады.

«2014 - 2018 жылдары Ұлттық бюро және оның аумақтық департаменттеріндегі тергеу нәтижелері бойынша Су ресурстары комитеті және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал сомасы 1 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда Ұлттық бюро комитеттегі қылмыстық схемаларды анықтауға бағытталған кешенді шараларды өткізді. Осылайша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы және оның сыбайласы, «Қазақ күресі» дүниежүзілік федерациясы» халықаралық қоғамдық бірлестігінің вице-президентіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - дейді ол.

Жанна Бастарова комитет төрағасы аталған федерацияның президенті екенін еске салды.

«Олар 5,8 млрд теңге сомасындағы «Соколов топтық су құбырын реконструкциялау және қосылған ауылдық елді мекендердің таратушы желілерін салу. 2-ші кезек» қызметін алу бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасасу үшін мердігер ұйымның өкілінен қорқытып алу жолымен 60 млн теңгеден астам аса ірі көлемдегі пара алды деп күдікке ілінді. Осы жылдың 16 наурызында күдіктілерге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жұмыстары жалғасуда», - дейді ол.

Агенттік өкілі су ресурстары комитеті және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнындағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтар Агенттікке ресми хатпен, немесе Ұлттық бюро мен оның аумақтық департаменттерінің кезекші бөліміне хабарласуға болатындығын және ақпаратты Төрағаның [email protected] поштасына жолдай алатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, осы жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев қамауға алынған болатын.

«16 наурызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты тергеу амалдарын жүргізуші органның өтінішін қарастырды. 2019 жылдың 14 мамырын қоса алғанда, күдікті Әбішев Ислам Алмаханұлына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы шығарды», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар