Іскерлік белсенділік қалпына келе бастады – Ұлттық банк

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде іскерлік белсенділік қалпына келе бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазан айында жаһандық іскерлік белсенділік үш ай бойы 49,0 деңгейінде қалыптасып, 2020 жылғы маусымнан бергі ең төменгі көрсеткішке жетті. Өңдеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету секторында әлемдік өндіріс көлемі азайды. Сонымен қатар Қазақстанда екі ай қатарынан іскерлік белсенділік индексін қалпына келтіру процесі жалғасты. Индекс осы жылғы қыркүйек айындағы 48,2-мен салыстырғанда қазанда 49,1-ге дейін көтерілді. Іскерлік белсенділік көрсеткіші өткен ай деңгейінде қалған өндіріс саласынан басқа барлық секторда қалпына келе бастады», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.

Оның дерегінше, кәсіпорындар соңғы 5 айда алғаш рет бизнесті жүргізудің осы күнгі шарттарын оң бағалап отыр.

«Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, дайын өнімге сұраныс артты. Алдағы 6 айдың болашақтағы бизнес жағдайларын бағалау да жақсара түсті. Жоғары геосаяси және нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысымның жоғарылауы жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективаларына теріс әсер етуде», - деді Берік Шолпанқұлов.


Соңғы жаңалықтар