Іскерлік белсенділік индексі 48,0-ге дейін көтерілді – Ұлттық банк

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйекте экономикадағы іскерлік белсенділікті қалпына келтірудің әлсіз белгілері байқалды, бірақ, бұрынғысынша, бесінші ай қатарынан индекс теріс аймақта қалып отыр.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің материалында айтылған.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, іскерлік белсенділік индексі дайын өнімге сұраныс пен тауарлы-материалдық қорлардың ұлғаюы есебінен 48,0-ге (тамызда – 47,6) дейін көтерілді.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде және құрылыста көрсеткіштің біршама жақсарғаны байқалады: индекс тиісінше 47,5 және 46,3 белгісіне дейін (тамызда 45,1 және 45,6-дан) көтерілді. Қызмет көрсету секторында индекс 48,2-ге дейін (тамызда 48,6-дан) аздап төмендеген. Өндірістік секторда көрсеткіш іс жүзінде өзгеріссіз қалып, 48,6 болды (тамызда – 48,7).

2022 жылғы қыркүйекте кәсіпорындардың қазіргі бизнес жағдайларын бағалауы (-) 6,2 (тамызда – (-)3,2) болып, теріс күйінде қалды.

Кәсіпорындардың алдағы 6 айдағы болашақ бизнес жағдайларын бағалауы аздап төмендегеніне қарамастан, оң көрсеткіш көрсетті.

Соңында бүгінгі және келешектегі бизнес жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес ахуалы индексі төмендеп, 4,4 (тамызда – 6,6) болды.

2022 жылғы қыркүйекте дайын өнімге сұраныс едәуір жақсарды. Оң және теріс жауаптар арасындағы теңгерім 5,8 болды. Теріс жауаптардың басым болуына қарамастан, қаржы/кредитке қолжетімділіктің жақсы бағаланғаны байқалды. Жауаптар теңгерімі
(-)0,9 болды. Бизнес жағдайларының қалған факторларын (бизнесті қорғау, салық жүктемесі және коммуникацияларға қол жеткізу мәселелері) бағалау тиісінше (-)5,6, (-)5,4 және (-)3,0 болып, барынша теріс деңгейде қалды.


Соңғы жаңалықтар