Ішкі туризмді таңдайтын қазақстандықтардың саны артты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ішкі туризмді таңдаушылар саны жыл санап артуда. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы  Рашид Күзембаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рашид Күзембаевтың айтуынша, Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Тек соған жағдай жасау керек.

«Еліміздің табиғаты ерекше - мұнда тау да, жазық дала да, орман да, көл де, өзен де бар. Қуантарлығы, соңғы жылдары отандық саяхатшылардың саны артуда. ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Статистика  комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы ішкі туризмді таңдаушылар, 2016  жылымен салыстырғанда 20% өскен. Салыстырмалы түрде 2012-2016 жылдар аралығын алсақ 4 жыл ішінде 6% ғана өскен болатын. Бұл, қазақстандық саяхатшылардың соңғы жылдары отандық туризмді таңдауының нәтижесі. Ал шетелдік туристердің Қазақстанға келуі 2017 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 18% артқан.  Және бұл көрсеткіш жыл санап өсуде», - деді «Kazakh Tourism» компаниясының басшысы.   

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдық есебі бойынша отандық туризмді таңдаушы саяхатшылар - 6,8%, Қазақстанға келген шетелдіктердің саны 29,4% артқан.

Қазақ туризм басшысының мәліметінше, бұл Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі жоғары көрсеткіш.

Соңғы жаңалықтар