Ішкі істер органын реформалау: Ерлан Тұрғымбаев Атыраудағы жұмысты тексерді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына сапармен келген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өңірдің тәртіп сақшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерлан Тұрғымбаев Атырауда азаматтарды тәулік бойы қабылдайтын 7 жаңа модульдік полиция бекетінің жұмысын тексерді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз полицияның сервистік моделіне көшуді жүзеге асырудамыз. Оның негізгі қағидаттарының бірі - «халыққа жақын полиция«. Қазіргі заманғы модульдік бекеттер тиімділігін дәлелдеді. Өйткені, мұндай бекеттер орнатылған аудандарда құқықбұзушылықтар саны айтарлықтай төмендеді. Жалпы, құқық қорғау органдары тұрғындармен тығыз жұмыс істейтін жерде қылмысқа қарсы күрестің оң нәтижесін көріп отырмыз. Азаматтар ішкі істер органдары жүйесінде оң өзгерістерді көріп, өз бастамаларын да ұсынып, тәртіп сақшыларымен ынтымақтастықта болуға мүдделілік танытып отыр. Өйткені, азаматтар үшін қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық қашан да зор маңызға ие» - деді министр Е.Тұрғымбаев.

Алдағы уақытта Атырау облысында тағы 17 заманауи стационарлық бекет орнату жоспарлануда. Олар ең криминогендік аудандарда және адамдар көп жиналатын орындарда ашылады.

Сондай-ақ, ІІМ басшысы жергілікті полиция қызметінің реформасына назар аударды.

«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан, учаскелік инспектордың қызмет көрсететін әкімшілік аумақта тұрақты болуына жағдай жасаймыз» – деді ол.

Кеңесте Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Хамза Үмбетқалиев өңірде жергілікті әкімдіктің қолдауымен 34 жаңа учаскелік полиция бекетінің құрылысы аяқталғанын баяндады.

«Оның 22-сі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ыңғайлы әрі жедел ету үшін тұрғын үйлермен біріктірілді» - деді ол.

ІІМ басшысы полиция департаментінің бірқатар нысанын аралап, қызмет барысымен танысты. Атап айтқанда, Атырау қаласының Жедел басқару орталығының жұмысын тексерді. ЖБО мамандары 3607 бейнебақылау камерасын бақылайды. Оның 859-ы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған. Өткен жылы облыста бейнемониторинг жүйесінің көмегімен 286 қылмыс ашылған.

Министр ішкі істер органдарының бөлімдерінде жаппай бейнебақылау орнатуды жеделдетуді тапсырды. Соған орай Атырау облысының полиция нысандарында 265 бейнекамера орнатылатын болады.


Соңғы жаңалықтар