Ішкі істер органдарына қатысты 40 мемлекеттік қызметтің 38-і автоматтандырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар ішкі істер органдарына қатысты 40 мемлекеттік қызметтің 38-ін автоматты түрде ала алады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен біз мемлекеттік қызметті алу кезінде азаматтардың полициямен тікелей байланысын алып тастадық. Енді олар мемлекеттік органдардың жұмыс режиміне тәуелді болмай, қызметті кез келген ыңғайлы уақытта ала алады. Біз 40 мемлекеттік қызметтің 38-ін автоматтандырдық. Бұл өз кезегінде Ішкі істер министрлігінің қызметін алуан түрлі жолмен алуға мүмкіндік берді. Менің байқағаным, азаматтарымыз қызметті көбінесе онлайн түрде алғанды жөн көреді. Мысалы, биыл қазақстандықтар ішкі істер органдарына қатысты 500 мыңнан астам қызметті ХҚО арқылы алса, Egov порталы арқылы 800 мыңнан астам қызмет көрсетілген», - деді Сәкен Сәрсенов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министрдің орынбасары биыл 20 қыркүйектен бастап еліміздің барлық ХҚО-сында құжат немесе анықтама алу QR-код арқылы қолжетімді екенін еске салды.

«Осылайша Ішкі істер министрлігінің көптеген қызметтерін электронды форматқа көшірдік. Атап айтқанда, құқық бұзу фактілер бойынша цифрлық деректер базасын құрдық, айыппұл туралы электронды хабарлама жүйесін іске қостық, сонымен қатар кейбір қызметтерді басқа мемлекеттік органдардың жүйесімен біріктірдік. Ақпараттық жүйелерді біріктірудің арқасында мемлекеттік органдар көптеген құжаттарды базадан тікелей ала алады. Бұл - атқарылған жұмыстың бір бөлшегі ғана», - дейді ол.

Бұған дейін Сәкен Сәрсенов жыл соңына дейін шетел азаматтары Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алу және виза әзірлеуді еліміздің кез келген халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар