USD 434.34 EUR 491.93
RUB 5.56 CNY 68.67
Jańalyqtar

Ішкі істер органдарын реформалау қоғам қауіпсіздігін арттырады

2021 жылғы 22 қараша 19:21
Бөлісіңіз:
Ішкі істер органдарын реформалау қоғам қауіпсіздігін арттырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде еліміздің Ішкі істер министрлігі құрылымы кең, атқарар қызметі көп құқық қорғау органы саналатындығы белгілі. Ал оның тиімді жұмыс істеуіне қоғамдағы тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігі тығыз байланысты. Сондықтан да қазіргі уақытта ішкі істер органдарында үлкен өзгерістер жасалып жатыр. Жалпы, алғашқы нәтижелер де жаман емес. Елімізде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық, зорлау фактілері азайды. Көшелерде және қоғамдық орындарда жасалатын, бұрын сотталғандармен, кәмелетке толмағандармен, мас күйінде, сондай-ақ қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар төмендеді. Мұндай жағдай соңғы 3 жыл бойы сақталып отыр. Демек, салада жүргізіліп жатқан реформалар өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз.

Ұқсас жаңалықтар
Су спорты түрлерінен Әлем чемпионаты тағы бір жылға шегерілді Алматыда жаңа 190 троллейбус сатып алынады ІІМ: Қоғамдық бақылау комиссиялары қылмыстық атқару жүйесінің барлық мекемелеріне кедергісіз кіре алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын жария еткені белгілі. Осы мақсатта мақсатында ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастыру өзгертілді. Барлық аймақта «Азаматтарға арналған қабылдау» бөлмелері ашылды. Онда халыққа консультативтік көмек көрсетіледі. Полицейлердің әлеуметтік желімен жұмыс күшейді. Фейсбукте барлық басшылардың жеке аккаунттары ашылды. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау тәртібі де өзгерді. Енді барлық деңгейдегі басшылар азаматтарды апта сайын қабылдайды. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін бейнебайланыс арқылы қабылдау да жүргізіледі. Учаскелік инспекторлар пәтер иелері кооперативтерінің, мүлік иелері ұйымдарының чаттарына қосылды. Тоқсан сайын «Жолдағы қабылдау» акциялары өткізіліп тұрады. Осы жылдың өзіне аталған акция аясында 18 мың азаматқа кеңес беріліп, 25 мың арыз қаралды. Аймақ басшылары мен учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында тоқсан сайын есеп беріп отырады.

Сондай-ақ ішкі істер органдары жүйесінде «жұртқа жақын полиция» қағидаты іске асырылып жатыр. Нәтижесінде полицияның қоғамдық орындарда тұрақты болуы қамтамасыз етіледі. Қалалардың ең криминогендік учаскелерінде дамыған елдердің тәжірибесіне сай әулік бойы жұмыс істеу және азаматтарды қабылдау үшін заманауи стационарлық полиция бекеттері орнатылады. Жекелеген учаскелер мен адамдар көп жиналатын орындардың криминогенділігін ескере отырып, полицияның тәулік бойғы модульдік бекеттерін оңтайлы орналастыру орындарын кеңейту және айқындау, сондай-ақ «икемді» патрульдеуді енгізу іс-шаралары да іске асырылуда. «Икемді» патрульдеу қағидаты құқық бұзушылықтардың тиімді алдын алуды және азаматтар жаппай болатын көшелерде, саябақтарда, гүлзарларда, аулаларды және басқа да қоғамдық орындарда мұндай келесіздіктерді болдырмауды қамтамасыз етеді.

Жалпы, еліміздің бүкіл аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын 13,5 мыңға жуық полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері шығады. Жаяу шолғындауға ішкі істер органдарының шамамен 9 мың қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, ал автомбильмен шолғындауға шамамен 4 мың қызметкер жұмылдырылды.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласына заманауи технологиялар енгізіліп, бейнебақылау жүйелері кеңейтілуде. Барлық облыс орталықтарында және Жаңаөзен, Рудный, Щучинск, Семей және Хромтау қалларында полицияның кешенді күштерін басқаруды, көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы құқық тәртібінің жай-күйіне мониторингті, сондай-ақ жасалған құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюды қамтамасыз ететін Жедел басқару орталықтары жұмыс істейді. Олардың көмегімен 9 айда 6 599 қылмыс ашылып, 760 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта Жедел басқару орталығының 7,5 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Соның ішінде, аулаларда Жедел басқару орталығымен біріктірілген 1932 бейнебақылау камералары орнатылды.

Айта кетерлігі, қоғамдық тәртіпті қорғауда Жедел басқару орталығы маңызды буын саналады. Өйткені бейнебақылау камераларынан және «102» қосымшасынан барлық жедел ақпарат дәл осы жерге түседі. Қазір уақытта Жедел басқару орталығы жүйесіне талдау функциясын енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұнан бөлек адамдар көп жиналатын жерлерде «SOS батырма» жедел шақыру құрылғыларын орнату жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда мұндай 74 құрылғы Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Қарағанды, БҚО, Павлодар, Қостанай, Түркістан облыстарында орналастырылған. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында мұндай 20 құрылғы орнату жоспарланып отыр.

Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлемдік тәжірибе негізінде бейнебақылау камералары желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктерімен бейнебақылау жүйелерін кеңейту және біріктіру бойынша жол карталары бекітілді. Оған Жедел басқару орталықтарындағы, оның ішінде білім беру ұйымдарындағы лаңкестік әрекеттерге осал нысандарға бейнебақылау камераларын қою іс-шаралары кіреді. Бейнебақылау жүйелерін кеңейту мен біріктірудегі негізгі міндеті - құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша республика аумағында 625 мың бейнекамера жұмыс істейді.

Мұнан бөлек, елімізде полиция қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Онда азаматтың қауіпсіздік деңгейі мен халықтың сенімі негізгі өлшемшарт ретінде айқындалды. Бұл үшін тәуелсіз институттар тарапынан әлеуеттік зерттеулер жүргізіледі. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі азаматтардың 38,7 пайызы полицияға толықтай сенетінін, ал 38,1 пайызы жартылай сенетіндігін көрсеткен. Аталған мәліметтер Жаһандық бейбітшілдік индекспен де сәйкес келеді. 2021 жылы Қазақстан қауіпсіздіксіздің барынша сенімді деңгейі бар елдердің қатарына кірді. Әлемнің 163 елінің ішінде 67-орынға тұрақтады.

Полиция қызметкерлерінің әлеуметтік-материалдық жағдайын көтеру бойынша да іс-шаралар қабылдануда. Өйткені, бүгінде полиция қызметкерлерінің жалақысы құқық қорғау органдары арасында өте төмен. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап кезең-кезеңмен жалақы көтерілуде. Нақтырақ айтар болсақ, 2023 жылға дейін полиция қызметкерлерінің жалақысын 50-ден 90 пайызға дейін өсіру көзделген. Осылайша, сержанттың жалақысы 81 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, лейтенант жалақысы 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін артатын болады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Марлан Жиембай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT