Ішкі істер органдарын оңтайландыру жұмыс сапасын арттырады - Жолдау

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы биылғы Жолдауындағы ішкі істер органдарының жұмысын оңтайландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Бұл пікірді Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Семей қаласы ІІБ штаб бастығы, полиция капитаны Жасұлан Кәкімов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен полиция қызметкері ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы құқық қорғау саласын оңтайландыруға қатысты көтеріп отырған мәселелерді толықтай қолдаймын. Өйткені осы міндеттер өз шешімін тапқан кезде елімізде «Полиция-менің қорғаным» ұстанымы үдесінен шыға білетін кәсіби, полиция қалыптасады. Жолдауда Елбасы ішкі істер органдарында тек қана кәсіби шеберлердің қызмет етуін талап етіп отыр. Осы мақсатта ішкі істер органдарында кезектен тыс аттестация өткізілмек. Оның нәтижесі бойынша үздік деп танылғандар ғана өз қызметін жалғастыруға құқылы»,-деді Жасұлан Кәкімов.

Сонымен қатар, Елбасы Жолдауында полиция қызметін оңтайландыру ісін қолға алуды міндет етіп қойды. Полиция капитаны тәртіп сақшыларын  негізгі міндетіне кірмейтін қосалқы қызметтерден босатып, осының негізінде үнемделген қаржыға жалақыны көтеріп, полицейлерді баспанамен қамту мәселесін шешу бүгінгі күннің басты мәселесі екенін айтты.

«Бұл полиция сапында өз ісіне адал берілген, кәсіби мамандар ғана қалып, оларды материалдық-әлеуметтік қорғау мәселесінің оң шешілуін қамтамасыз етеді. Ішкі істер органдарын жаңғыртудың жол картасы аясында кадрлық даярлаудың жаңа стандарты қаралып, халықпен жұмыс істеудің тың жүйесі қолға алынбақ. Мемлекет басшысы саланы жаңғырту заман талабы екенін атап өтті. Келесі жылдан бастап қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес жүргізетін еліміздің полициясы енді қызметтік модельге көшіріледі»,- дейді Семей қаласы ІІБ штаб бастығы.

Соңғы жаңалықтар