Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан тарихына арналған көрме ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның құрылу тарихынан сыр шертетін көрме жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі ішкі істер органдары туралы заң қабылдады.

Осыған орай жыл сайын 23 маусым елімізде ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі.

«Бүгінгі көрме еліміздің ішкі істер органдарының құрылу, қалыптасу және бүгінге дейінгі тарихынан хабардар етеді. Ішкі істер органы саласында 1956 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Сондықтан мен бұл саланың ыстығын да, суығын да көргенмін десем болады. Ол кездегі және қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Жалпы қоғамда тәртіп орнатуда полицейлердің еңбегі зор. Олардың жұмысына табыс тілеймін», - деді Ішкі істер органдары және ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков көрменің ашылу салтанатында.

ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайында ашылған көрмеге ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан құрылуынан хабар беретін құжаттар. Сала қызметкерлерінің наградалары мен қызметтік формалары қойылған.

«Ұлттық ұланның басты міндеті – қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету. Күнделікті тәртіп сақшысы болудан бөлек, айтулы ОБСЕ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы), Азиада және басқа да елімізде өткен халықаралық маңызды шара кезінде ұландықтар тәртіпті бақылады. Сондай-ақ, елімізге шет мемлекет басшылары келген кезде де ұландықтарға артылатын жауапкершілік жоғары. Одан бөлек, біздің қызметкерлер стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетеді. Бүгінгі көрме арқылы ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан қызметі туралы экспозициялар арқылы таныса аласыздар. Көрмеге қойылған әр дүниенің өз тарихы бар», - дейді Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Альберт Маткаримов.

Оның айтуынша, еліміз Тәуелсіздік алғалы 4 мыңнан астам ішкі істер органдары қызметкерлері ерлігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар