Ішкі істер органдары мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі параны ең көп алатын орындар ретінде танылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бойынша 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына сай, 588 лауазымды тұлға пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орынбасары Талғат Татубаев мәлім етті.

«Республика бойынша 588 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылуда. Оның ішінде - 11 адам республикалық, 39 облыстық, 79 қалалық және аудандық органдардың қызметкерлері, 16 әкім мен олардың орынбасарлары бар», - деп мәлім етті Т.Татубаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орынбасары Талғат Татубаев Қазақстан Республикасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа көп жол беретін мемлекеттік органдарды атады.

«Сыбайлас жемқорлыққа көп жол беретін органдар, ол - әкімдіктер, ішкі істер органдары, ауыл шаруашылығы министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, квазимемлекеттік сектор мен Мемлекеттік кірістер комитеті», - деді Т.Татубаев.

Соңғы жаңалықтар