Ішкі істер министрлігі шетелдіктердің ЖСН алуына шектеу енгізген жоқ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі елімізге уақытша келген шетелдіктердің жеке сәйкестендіру нөмірін алуына шектеу енгізген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, eGov сайтында шетелдіктер үшін ЖСН-ді онлайн режимде алу қызметі қолжетімсіз болып тұр. Осыған орай мән-жайды анықтау үшін еліміздің Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінген едік. Баспасөз қызметі ведомство тарапынан шетелдіктердің аталған қызметті алуына ешқандай шектеу енгізілмегендігін атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі шектеу қойып отырған жоқ. Бұл қызметті онлайн режимде алу eGov сайтындағы техникалық себептерге байланысты тоқтап тұр. Шетелдіктер ЖСН қажет болған жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, сол жерден оффлайн режимде рәсімдей алады», - деп атап өтті министрліктен.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, жыл басынан бері 90 100 шетелдік ЖСН рәсімдеді. Олардың ішінде Қазақстаннан ЖСН алған 35 960 Ресей азаматы және 637 Украина азаматы бар.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ААҚ баспасөз қызметі де Қазақстанға уақытша келген шетелдік азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін оффлайн режимде рәсімдей алатындығын атап өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар