Ішкі істер министрлігі басқарушы лауазымдағы 450 полицейді босатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов алдағы уақытта ведомствода болатын реформа туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер органдарында орын алатын реформа туралы атап өткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, осы бағытта тиісті жол картасы әзірленді. Осы картада негізгі 9 бағыт айқындалды. Біріншіден, ішкі істер органдарының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымын оңтайландыру ескерілген. Осы орайда артық басқарушылық буындарды тарату мен штаттық санды 10 пайызға қысқарту қарастырылған», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, 450 басқарушылық лауазымдар қысқарады деп күтілуде.

«Екіншіден, ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мен әлеуметтік қорғауды жақсарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар қызметкерлерді қысқарту кезінде үнемделген 16 млрд теңге мен қосымша бюджеттік қаржы есебінен жүзеге асырылады», - деді Ж. Сүлейменов.

Мұнымен қоса ол қай бөлімшелерге еңбекақы қаншалықты өсетінін айтып берді.

«Патрульдік полиция қызметкерлеріне 65 пайызға, жедел-тергеу бөлімшелері қызметкерлеріне 55 пайызға, учаскелік инспекторларға 25 пайызға, сондай-ақ басқа да қызметкерлерге 20 пайызға көтеру ескерілген. Баспана мәселесін шешу үшін өтемақы төленетін лауазымдардың тізбесін кеңейту ұсынылуда», - деді Жанат Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар